«Хамас» қозғалысының жоғары лауазымды өкілдерінің бірі Таяу Шығыстағы әскери жанжалдың 1-2 күнде аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Айта кетсек, Израиль мен Газадағы қарулы топтар арасындағы соғыс 10-мамырда басталды. Содан бері Израильдің әуе соққыларынан 228 палестиналық қаза тауып, 58 мыңдайы үйлерін тастап кеткен. Ал, еврей мемлекетінде «Хамастың» зымыран жаудыруынан 12 адам мерт болды.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху болса, Газаны бомбалау операцияларын жалғастыруға бекініп отыр.
Сәрсенбі күні оны АҚШ президенті Джо Байден аймақтағы жағдайды жеңілдету үшін ымыра жариялауға шақырған еді. Алайда, Нетаньяху басты одақтасының үндеуіне құлақ аспады.
«Америка президентінің қолдауын бағалаймыз. Бірақ, Израиль азаматтарының тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін шабуылды тоқтатпаймыз», - деді Нетаньяху.
Арыстан Рысбек