АҚШ президенті Израиль мен Палестинаны ымыраға шақырды. Бірақ, Таяу Шығыстағы жанжалдың тоқтайтын түрі жоқ. Бүгін Израиль әуе күштері Газа секторына тағы да бомбалады. Ал, Хамас тәрізді палестиналық қарулы топтардың еврей мемлекетінің қалаларына жіберген зымырандарының саны 3 жарым мыңға жетіп отыр. Соңғы мәліметке қарағанда, Газада 50 мыңнан астам адам үйлерін тастап кеткен. Және де аймақтағы арабтар тұратын қалаларда Израильге қарсы ауқымды шерулер басталды. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Вифлеемде, Шығыс Иерусалимде, Израильдің өз ішіндегі арабтар тұратын қалаларда бүгін Израильге қарсы ауқымды шерулер өтіп жатыр. Олардың кейбірі үлкен қақтығыстарға ұласты. Палестиналықтар еврей мемлекетінің кемсітуіне және Газа секторын бомбалауына наразылық білдіріп, жаппай көшеге шыққан. Оларды таратуға Израиль әскери техника мен жауынгерлерін жұмылдырып жатыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне қарағанда, Израиль әуе күштерінің соққысынан Газада 450-дей ғимарат жермен-жексен болып, ондаған мың адам үйлерін тастап кеткен.
Йенс Лаерк, БҰҰ гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасының баяндамашысы:
Сіздер қоныс аударғандардың жалпы саны туралы сұрап жатырсыз. Менің айтайын дегенім, олардың қатары 52 мыңнан асып кетті. Қолымдағы соңғы дерек осы.
Аймақтағы жанжал мамырдың 10-да басталды. Израильдің авиациялық шабуылынан Газада 212 адам қаза тапты. Солардың 61-і – балалар, 36-сы – әйелдер. Ал, қираған нысандардың ішінде жүздеген пәтер мен кеңсе бар. Палестиналық қарулы топтар болса, еврей мемлекетінің аумағына өткен дүйсенбіден бері 3350-ден астам зымыран жіберіп, 10 шақты адамды мерт қылды.
АҚШ президенті Джо Байден Палестина мен Израиль арасында сегізінші күнге ұласқан әскери жанжалға ымыра жариялауға шақырды. Сонымен қатар, Вашингтон осы соғысты тоқтату үшін Мысыр тәрізді елдермен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеп отыр.
Алайда, Құрама Штаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықты доғаруға үндеген мәлімдемеге тағы да тосқауыл қойған. Сондықтан, Түркия президенті Американы Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға әрекет жасамады деп айыптады.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
Байден мырза, армяндар геноциді деп аталған мәселеде армяндардың жағына шықтыңыз. Енді, өкінішке орай, осы оқиғада қанды қолдарыңызбен тарих жазып отырсыз. Ал, Газаға басымдықпен жасалып жатқан шабуылдардан жүздеген мың адамның шәћид болуы мүмкін. Және де мен Израиль туын өз үкіметінің төбесіне тіккен Австрия мемлекетін айыптағым келіп отыр.
Хамастың зымыран ата бастауына Рамазан айында Израильдің Шығыс Иерусалимде мұсылмандар үшін қасиетті саналатын жерлерге полицияны көптеп қоюы себепші. Сонымен қатар, сәуірде еврейлер палестиналықтарды үйлерінен күштеп көшіруге әрекеттеніп, арабтарды қатты ашындырып, оларды шеруге шығуға итермелеген.
Арыстан Рысбек