Газа секторында Израиль шабуылынан қаза тапқандар саны 188-ге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газа секторында Израиль шабуылынан қаза тапқандар саны 188-ге жетті

17.05.2021

Палестина-Израиль жанжалы толастамай тұр. Соңғы мәліметке қарағанда, өткен дүйсенбіден бері Газа секторында Израильдің авиациялық соққысынан қаза тапқандар саны 188-ге жетті. Солардың 55-і – бала. Талай ғимарат жермен-жексен болған. Палестиналық қарулы топтар Израиль қалаларына 3 мыңнан астам зымыран жіберіп, 10 шақты тұрғын мерт болды. Палестина әкімшілігі кешегі күнді қанды жексенбі деп атап отыр. Себебі өткен тәулікте Газада Израильдің шабуылынан 42 адам опат болды. Құрбандардың арасында 16 әйел мен 10 бала бар. 

Секторда Израильдің соққысынан Associated Press агенттігі мен Al Jazeera тәрізді халықаралық медиа ұйымдардың өкілдіктері орналасқан ғимарат опырылып түсті. Таяу Шығыстағы соғыс өртінің өршуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде кездесу өтті. Ұйымның Бас хатшысы Израиль мен Палестинаны атысты дереу тоқтатуға шақырды. 

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
Біз бүгін Газа мен Израильде соңғы жылдардағы ең ауыр шиеленіскен жағдайға куә болып отырмыз. Қазіргі әскери іс-қимылдар өте қорқынышты. Бұл зорлық-зомбылық, өлімнің, жойылу мен үмітсіздіктің жалғасы. Сондықтан, бейбіт өмір үшін ұрыс тоқтатылуы керек, ол дереу тоқтауы керек. Мен барлық тараптарды осы үндеуге құлақ асуға шақырамын.

Газадағы қырғынды Ислам Ынтымақтастық Ұйымы да айыптады. Cонымен қатар, Иракта, Түркия мен Иорданияда, Сирияда Израильдің Газадағы әрекеттеріне қарсы ауқымды шерулер өтті. 

Таяу Шығыстағы ахуалдың қайта шиеленісуіне Шығыс Иерусалимде еврейлер қоныстанушыларының араб отбасыларын үйлерінен күшпен көшіру әрекеті себепші.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу