Қытай Шыңжаң аймағын «ашық аспан астындағы түрмеге» айналдырды. Мұны АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті мәлімдеп отыр. Оның дерегінше, Бейжің қазір ұйғырлар мен өзге мұсылмандарды тыңшылыққа пайдалану үшін оларды көшеде ұстауға кіріскен. Айта кетсек, осыған дейін Батыс Қытайды негізінен түркітілдес этникалық азшылықтарды лагерьлерге қамады деп айыптады. Қарсы жақ болса, ол мекемелерді «кәсіпке үйрету орталықтары» деп атап отыр. Ал, «Би-би-си» ұйғыр белсенділерінің зерттеуіне сүйеніп хабарлағандай, 2014 жылдан бері Шыңжаңда 630 имам мен діни қызметкер тұтқындалған. Қытай үкіметі болса, мұндай деректерді жоққа шығарып, Шыңжаңда экстремизммен күрес жүргізіп жатқанын мәлімдеп келеді. Ал, Австралия стратегиялық саясат институтының баяндамасына қарағанда, ұйғырлар тұратын аудандарда 2017-2019 жылдары туу көрсеткіштері 50 пайызға жуық төмендеп кеткен.
Арыстан Рысбек