Қазақстандық вакцинаға ресейлік мамандар қызығушылық танытып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық вакцинаға ресейлік мамандар қызығушылық танытып отыр

12.05.2021

QazVac – қауіпсіз әрі тиімді вакцина. Шетелдік басылымдар қазақстандық вакцина туралы жарыса жазып жатыр. Еуропа елдерімен қатар, әлемге әйгілі бұқаралық ақпарат құралдарының Азиядағы бөлімшелері біздің ғалымдардың мықты зерттеу ортасын айрықша атап көрсетті.

Дарын Сағитов, тілші:
«QazVac» туралы жиі жазып жүрген басылымдардың бірі – француздық «Le Ғigaro» журналы. Басылым «Қазақстан өзі шығарған препаратпен халқын жаппай вакциналауды бастады» деп жазды. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып мемлекетіміздің өз вакцинасын шығаруы – ғылымдағы теңдессіз жетістік» деген сөзін жариялады.

Ал «Reuters» агенттігінің тілшілері «Қазақстандық препаратты сынау кезінде жанама әсерлер мен қандай да бір шағымдар болған жоқ. Сынау кезінде 2 кезеңге қатысқан 222 адамда «COVID»-ке қарсы иммунитет қалыптасты» деп жазды.

Әлемдік басылымдар «QazVac» екпесін дайындау технологиясы күрделі емес және сақтау үшін аз ғана салқындатудың жеткілікті екендігін айтады. Мәселен, «Forbes» журналының Грузиядағы бөлімшесі «19 млн-ға жуық халқы бар Қазақстан Ресей және Қытай препараттарымен қатар, өздерінің вакциналарын сәтті пайдаланып жатыр» деп жазды.

Қазақстандық вакцина туралы мақала жазғандардың тағы бірі – Ұлыбританияның «The Guardian» басылымы. Онда жарияланған хабарда «Орта Азиядағы Қазақстан өз вакцинасын шығарды. Екпе екі компоненттен тұрады. Сәуір айының соңында 50 мың доза вакцина елдің түкпір-түкпіріне таратылды» деп жазылған.

Шетелдік басылымдар отандық вакцина төңірегінде жарыса жазып жатқанда, ресейлік мамандар да «QazVac»-қа қызығушылық танытты. Олар біздің ел шығарған препарат қауіпсіздік талаптарына сай екенін айтады. Тіпті оны өздеріне салдыруға қарсы болмайтынын мәлімдеді.

Александр Арутюнов, Еуразиялық терапевтер қауымдастығының бас хатшысы: 
Өз вакцинасын шығару арқылы әр мемлекет жаппай вакцина өндіруге мүмкіндік алып, індетпен күреседі. Сондықтан бұл өте маңызды. «QazVac» инактивті вакциналар тобына жататынын білеміз. Тиімділігі 90 пайыздан асады. Бұл Қазақстанда ғылыми-әдістемелік қордың бар екенін көрсетеді.
Дарын Сағитов, тілші:
Былтыр көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты ковидке қарсы вакциналық үміткерлер тізіміне енгізген болатын. Сынақтан сәтті өткен екпені отандастарымыз 26-сәуірден ала бастады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу