Нұр-Сұлтанда бір күнде айлық мөлшерден көп қар жауды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда бір күнде айлық мөлшерден көп қар жауды

25.03.2021

Нұр-Сұлтан қаласы әлі де қар құрсауында. Бір күн соққан боран мен қалың қардан қозғалыс қиындап, тұрғындарды әбден әбігерге салды. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істесе де жауған қарды қала сыртына шығарып үлгермей жатыр.

Елордаға 1 тәулікте 1 айлық нормадан артық қар түсті. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Күн сайын 1 жарым мың арнайы техника мен 2 мыңға жуық адам қар тазалауға жұмылдырылады.

Руслан Жүсіпов «Астана тазалық» ЖШС бас директорының орынбасары:
23-нен бастап 150 мың текше метрден астам қар қала сыртына шығарылды. Біз күшейтілген режимде 2 ауысыммен тоқтаусыз жұмыс істеп жатырмыз.

Қала сыртында қар таситын 11 полигон бар. Оларға 1 тәуліктің ішінде жүк көліктерімен 5700 ден астам рейс жасалған.

Қолайсыз кезеңде көше жұмысшыларына күш түсетіні анық. Мұны ескерген елордалық еріктілер қолдарына күрек алып, жұмысшылардың сәл де болса тынығуына мүмкіндік берді. Осы сәтте өзгелері көше тазалаушыларға ыстық шәй мен бауырсақ таратты.

Мақсұт Кенжебай, көше тазалаушы:
Біз жолда жүрміз. Суықта жүрміз 5 сағат. Ешқайда шыға алмаймыз. Жылынатын жер жоқ. Сіздерге рахмет. Бізді жылытып кеттіңіздер. Біздің көңілімізді көтердіңіздер.

Астана тазалықтың өкілі осы қарқынмен жұмыс істесек апта соңына дейін қала ішін толық тазалап боламыз дейді. Ал, «Қазгидромет» болса алдағы 3 күн жауын-шашын үдей түседі деген болжам жасады.

Айгерім Перепис, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
Алдағы үш күнде Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Біздің еліміздің аумағында Жерорта теңізі мен Солтүстік-Батыс аймақтарынан екі циклон бірігеді. Олардың келуімен барлық өңірлерде жауын-шашын, кей жерлерде қатты, көктайғақ, бұрқасын күтіледі.

Синоптиктер солтүстік өңірлерде ауа райы айдың аяғына қарай біртіндеп жылына бастайтынын болжап отыр. Оның өзінде жауын-шашын сап тыйылмайды деп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу