Ыстамбұлда Абай алаңы мен ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ыстамбұлда Абай алаңы мен ескерткіші ашылды

19.03.2021

Наурыз мерекесі қарсаңыңда Түркияның ең ірі мегаполисі Ыстамбұлда Абай алаңы мен ескерткіші ашылды. Бұдан бөлек 2003 жылы Елбасының қатысуымен ашылған Абай атындағы мектеп алаңындағы ескерткіш те жаңалынып, айналасы абаттандырылды.

Айдос Әшімұлы, тілші: 
Ыстамбұлдағы қазақтар ең көп қоныстанған Зейтинбурну ауданындағы мына алаң бұдан былай Абай атымен аталады. Наурыз мерекесі қарсаңында ашылған алаңға ақынның ескерткіші де қойылған. Жаңа алаң Ыстамбұл тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны болары сөзсіз.

Ашылу салтанатына Ыстамбұл ғана емес Түркияның әр түкпірінде тұратын қазақтар тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Осы елде сапармен жүрген Премьер-министрдің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді де жиынға арнайы келді. Мәртебелі меймандар бұл ескерткіш ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына тамаша сый екенін айтты. 

Екрем Имамоғлу, Ыстамбұл қаласының мэрі: 
Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Анкарадағы елшілік пен Ыстамбұлдағы консулдық қандай шара өткізсе де біз қатысуға, қолдау көрсетуге дайынбыз. Бауырластығымызды бұдан әрі де тереңдетуді қалаймыз.
Ерол Йолжы, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:
Осы ескерткіштің ашылуы қандас түркі елдерінің, Қазақстан мен Түркияның бауырластығының ескерткіші деп ойлаймыз. Наурыз мерекесі құтты болсын. Абай атамыздың ескерткішінің ашылуы түркі халықтарының ынтымақтастықтың бір белгісі болсын дейміз. 

Бұдан бөлек осы Зейтинбурну ауданындағы Абай атындағы мектепте де ақын бұрышы ашылып, ескерткіші жаңаланды. Бұған дейін біз Абай ескерткіші ескіргені туралы айтқан едік. Енді міне сол олқылықтың орны толды.

Енес Дағлы, Абай атындағы мектептің директоры:
Біз ескерткіш үшін де Абай бұрышы үшін де Қазақ мемлекетіне алғысымызды білдіреміз. Біздің мектепке деген қамқорлығын әрдайым сезініп жүреміз. Сыртқы істер министрінің мектебімізге келуі біз үшін үлкен қуаныш болды. 

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Түркияда да кеңінен аталып өтпек. Бүгінгі шара соның бастамасы іспетті.

Әлім Байел, Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы:
Ыстамбұл Қазақстан үшін қазақ үшін аса маңызды шаһар. Бүгінгі жиын алдағы шаралардың басы ғана деп ойлаймыз. Қастерлі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай игі шараларды әрі қарай да ұйымдастыратын боламыз.

Бауырлас түрік елінде Қазақстанға қатысты, қазаққа қатысты ескерткіштер мен көшелер аз емес. Ыстамбұлдағы жаңа алаң солардың ортасынан ойып тұрып орын алатын болды. 

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу