Түркістан облысы Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваны тапаншамен атып, жаралап кеткен күдікті азаматтар ұсталды. Олар көрші Жамбыл облысында жүрген жерінде қолға түсті. Естеріңізге сала кетейік, қанды оқиға кеше түс кезінде болған. Аудан әкімінің орынбасары түскі үзілісте Момынай ауылындағы өз үйіне келген сәтте белгісіз азамат оған қарай қару кезенген. Атылған оқ мемлекеттік қызметкердің басының жоғары жағын жаралап өткен. Қастандық жасаушылар оқыста қатты шыққан дыбысты естіп көшеге шыққан көршілерден шошып, дереу табанын жалтыратқан. Жараланған аудан әкімінің орынбасары ізінше жедел жәрдем көлігімен Ленгр қалалық орталық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, қазір оның жағдайы жақсы. Бірер күнде айығып, ауруханадан шығады. Ал, күдікті ретінде ұсталғандардың әзірге жұмыссыз екені ғана белгілі.
Салтанат Қаракөзова, облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:
- Арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Сондай-ақ, ізін суытпай, түнгі уақытта Ішкі істер департаменті криминалды полиция қызметкерлерімен екі күдікті азамат Тараз қаласында ұсталды. Қазіргі таңда олар қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.