Сенат сот жүйесін жаңғырту жөніндегі түзетулерді қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат сот жүйесін жаңғырту жөніндегі түзетулерді қабылдады

11.03.2021

Жоғарғы соттың төрағасы мен судьяларын тағайындау тәртібі өзгереді. Сенат осы өзгерісті қамтитын заң жобасын 2-ші оқылымда мақұлдады. Тағайындалатын кандидатқа тәжірибеден өту, жұмыс өтілінің болуы, біліктілік емтиханын тапсыру міндетті емес. Сондай-ақ, жоғарғы соттың алқа отырысында оның кандидатурасын мақұлдау тәртібі алынып тасталды. Ұсынылған үміткер тек белгілі жас мөлшерінен өткен, құқықтық ауқымды білімі бар және халық арасында зор беделге ие болса жеткілікті. Өзгерістер тек Президент ұсынатын кандидаттарға қатысты.

 Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
Бұл заң арқылы Президент ұсынысымен Жоғарғы соттың құрамына тарту мүмкіндігі кеңейтіледі. 1 шілдеден бастап Әкімшілік әділет институты өз жұмысын бастайды. Соның аясында азаматтарды қорғайтын жаңа тетіктер қалыптасады. Оны толықтай қолдану үшін әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрылады. Жалпы осы заңдар сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және оның тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенеміз.

Сондай-ақ, жоғарғы сотта әкімшілік істер бойынша сот алқасы құрылатын болды. Дәл осындай құрылымдар өңірлік соттарда да болады. Құрылым қазіргі жұмыс істеп жатқан судьялардың есебінен құрылады. Жаңа қызметкерлер жұмысқа алынбайды. Ал, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен «Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы» ұғымы алынып тасталмақ. Сенат отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға осы саладағы құқық бұзушылықтар бойынша іс қозғау құқығын беру мәселесі де қаралып, мақұлданды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу