Астанада тағы да адам шығыны тіркелген жол апаты болды. Бүгін таңғы сағат 8-ден 40 минут өткенде Қабанбай батыр даңғылының бойында жеңіл автокөлік оқушыны қағып кетті. Оқиға салдарынан кәмелет жасына толмаған қыз бала оқиға орнында қаза тапты.
Қайғылы оқиға әуежайға апарар жолда орналасқан «Авиатор» аялдамасының жанында болды. «Хюндай» маркалы көлікті тізгіндеген 23 жастағы Астана қаласының тұрғыны жаяу жүргіншіні қағып кеткен. «Астана ЛРТ» серіктестігінің баспасөз қызметі қаза болған қыздың әкесі қоғамдық көліктің жүргізушісі екендігін айтуда. Оқиға болған кезде ол автобустың рөлінде отырып, баласына жол беріп тұрған. Сол сәтте жеңіл көлік оқушыны байқамай қалып, қайғылы жағдай орын алған. Қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде.
Жалпы, Астана қаласында жыл басынан бері 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 33 адам жарақаттанған. Былтыр орын алған апаттардың саны да осыған шамалас. Алайда, өткен аптаның аяғында болған екі бірдей ірі жол апатының салдарынан 4 адам көз жұмып, 5 азамат ауруханаға түскен. Жол апаттарының жиілеп кетуіне байланысты елордалық полицейлер көлік жүргізушілеріне абай болып, ережелерді қатаң сақтауға шақыруда.
София Қылышбекова, қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Жүргізушілерге және жаяу жүргіншілерге айтатынымыз, жол жүру ережесін мұқият сақтаңыздар, әсіресе ауа райы қолайсыз кезде. Боран немесе көктайғақ кезінде жол ережесін бұлжытпай сақтау керектігін еске саламыз.
Ал, былтыр елордада 568 жол оқиғасы тіркеліп, 60 адам көз жұмған. Сондай-ақ, 624 азамат түрлі жарақат алып, ауруханаға түскен. «Жол-көлік оқиғалары негізінен қарапайым ережені сақтамағаннан орын алады», - дейді полицейлер. Заңды бұзған азаматтар «Сергек» камералары арқылы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Құзырлы мекеме өкілдері қыс мезгілінде жылдамдықты белгіленген межеден де біршама азайтуға кеңес беруде.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ