Алматы тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін

11.02.2021

Алматы да қар көшкіні жүруі мүмкін. Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде жауын-шашынның көп түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты 11-12 ақпан аралығында қар көшкіні жүруі ықтимал. Сондықтан, төтенше жағдай департаментінің мамандары қарлы беткейлерге шығуға болмайтынын ескертті.

Жалпы, Алматы облысында күн райы қазір жауын-шашынды. Қар мен жаңбырдан кейін көктайғақ пайда болды. Осыған байланысты облыстағы республикалық маңызы бар тасжол жабылды. Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас тасжолы таңғы 7-ден көліктің барлық түрі үшін жабық.

Ал СҚО-да қатты аязға байланысты мектептерде сабақ тоқтатылды. Алдағы күндері елдің шығысында суық антициклон жүріп, ауа температурасы 28-33 градусқа дейін төмендейді. Ал батыс өңірлерде жауын-шашын болады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу