«Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрғақ портынан алғаш рет Қытайдан Қырғызстанға транзиттік пойыз өтті. Аталған логистикалық парктің мамандары 800 тоннадан астам жүк тиелген 36 контейнерді не бәрі 3 жарым сағатта өткізді. Нәтижесінде контейнерлер Қытайдың Үрімші қаласынан Қырғыз елінің Аламедин стациясына жедел жеткізілмек.
Құрғақ портта алты темір жол бар. Оның үшеуі Қазақстанға, қалған үшеуі Қытайға тиесілі. Екі ел темір жолдарының айырмашылығы бар. Сондықтан, Қытай тарапынан келген жүк Қазақстанның пойызына ауыстырылып, тиелді. Арнайы техникалар арқасында оған бар-жоғы бір сағат уақыт жұмсалды.
Мадияр Омаров, өндіріс департаментінің директоры:
- Бұл өте ыңғайлы. Жүк жөнелтушіге де, біздің әріптестерімізге де. Бұрын енді жәй контейнерлар 7 күн, 8 күннің ішінде жеткізілген болса, мынадай арнайы ұйымдастырылған контейнерлік пойыздар ең көп дегені екі тәулікте жетеді.
Құрғақ порт – тек елімізде емес, Орта Азиядағы экспорттық-транзиттік әлеуетті арттыратын ең ірі логистикалық парк. Теңіз тасымалына қарағанда транзит құны әлдеқайда арзан. Клиент үшін өте тиімді. Сондықтан, екі ел арасындағы жүк тасымалын әлі де арттыруды көздеп отырмыз, дейді мамандар.
Алмат Берікболов, «KTZ Express» компаниясы оңтүстік филиалы басшысының орынбасары:
-Тезірек жүкті жіберу біздің ең алдыңғы, басты мақсатымыз. Бұл клиентке өте жақсы, қолайлы, қауіпті емес, тез. Осыдан бастап әрі қарай оны ұлғайтуға, тездетуге бәрі үлесімізді қосамыз.
2012 жылы ашылған Қазақстан-Қытай теміржолы өткелі арқылы Қытайдан Еуропа, Парсы шығанағы елдеріне, Орталық Азия мен Кавказ жеріне жүк тасымалданады. Көбіне ауыр техника, тұрмысқа қажетті тауарлар, металл бұйымдары жеткізіледі. Мамандардың сөзінше, мұндай бастамалар экспорт пен логистиканың дамуына тың серпін береді.
Нұрхан Нұрланұлы