Ауа райы күрт нашарлап, 7 аймақта дауылды ескерту жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауа райы күрт нашарлап, 7 аймақта дауылды ескерту жарияланды

08.02.2021

Елімізде ауа райы күрт бұзылып, 17 бағыт бойынша тас жолдар жабылды. Әсіресе, Елордадан Көкшетау, Қарағанды, Петропавлға қарай жүруге көліктің барлық түріне тыйым салынды. Ал, «Казгидромет» қазір 7 облыста дауылды ескерту жариялап отыр.

Кешелі бері Көкшетау мен Нұр-Сұлтан тас жолында көз аштырмас боран ұйытқып тұр. Соған байланысты, бұл бағыттағы жол жабық. Бүгін Қарағандыға қатынайтын көліктердің де жолға шығуына шектеу қойылды. Полицейлер азаматтардың бәрін кері қайтарып жатыр. Тіпті, Елордадан 10-15 шақырымдағы ауылға барамыз деген тұрғындарды да өткізбейді.

Әсіресе, жолдың ашылуын тосып, кезек күткендер жүк көліктері. Тіпті, кейбірі осы жердің өзінде батып қалып жатыр.

Жағдайға байланысты елде 17 бағыт бойынша жол жабылған. Өйткені, ескертуді елемей сапарлап кеткендер далада қалып жатыр. Дегенмен, құтқарушылар кеше 800-дей көлікке көмек берген. Қазір 60 адам мен 300 техника қар тазалауға кіріскен. Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы штаб құрып, мамандар сағат сайын барлық өңірден ауа райына қатысты жедел ақпарат алып, шешім шығарып отыр.

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
-Қалай ауа райы жақсарады бізге «Қазгидромет» жаңағы республикалық мемлекеттік мекемесі ақпарат береді, қалай жол тазарады, сол кезде ашамыз. Дәлі қазіргі сәтте Нұр-Сұлтан қаласынан барлық бағыттағы жол ашық, тек қана Қарағанды облысы жабық.

Ауа райының құбылуына байланысты жолдардың ашылып-жабылуы да сәт сайын өзгеріп жатыр. Сол себепті, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында «Жедел байланыс желісі» ашылған. Одан бөлек «112» нөмірі мен «Дәрмен» мобильді қосымшасынан ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» компаниясының сайтында жабық жолдардың онлайн картасы жасалған.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу