Басты Жаңалықтар ШҚО-да балабақша мен мектептерге мал еті тексерілмей өткізіліп жатыр

ШҚО-да балабақша мен мектептерге мал еті тексерілмей өткізіліп жатыр

Балабақша, мектеп және басқа да мекеме асханаларына мал еті тексерілмей өткізіліп жатыр.Шығыс Қазақстанның Қатон-Қарағай ауданындағы шаруалар осылай деп дабыл қағуда. Былтыр өңірде мал өнімдерін сараптамадан өткізетін екі ветеринариялық зертхананы ескі деп жауып тастаған. Ал жаңадан салына бастаған ғимараттардың құрылысы әлі бітер емес.
Берік Көшербай, тілші:
-Осыдан 7-8 жыл бұрын Қатон-Қарағай ауылында жаңа ветеринариялық зертхана салына бастайды. Бұл үшін бюджеттен 125 миллион теңге бөлінген. Бірақ, басталған шаруа аяқсыз қалып, бұл нысан әлі күңге дейін пайдалануға берілген жоқ. Ең қиыны, былтыр мына ескі ғимаратта орналасқан зертхананы да жауап тастаған.
Қазір мұнда осы екі ғимаратты төңіректеп күзетшілер ғана жүр. Ал өңірдегі шаруа қожалықтары малдың етін тұтынушыларға сараптамадан өткізбей- ақ сатуға мәжбүр.
Тоқтасын Бәкімбаев, шаруа қожалығының басшысы:
-Тексертпейміз. Ауданнан ақырын сұрасақ, бере беріңдер, керек жоқ деп айтады. Мысалы, мен бір қойымды сойсам Алтай қаласына апармаймын ғой, 200 километр жерге. Ауылдарда мектептердің асханалары бар, соның бәріне ет сараптамасыз кетіп жатыр.
Берік Көшербай, тілші:
-Катон-Қарағай ауданының орталығы Үлкен-Нарын ауылында да 2013 жылы жаңа ветеринариялық зертхана салына бастапты. Оған да қыруар қаржы бөлініп, бастапқыда құрылыс қарқынды жүргізілген. Бірақ, басталған шаруа әлі күнге дейін бітпей, қазір ғимараттың құр қаңқасы ғана тұр.
Екі зертхана ескі деп жабылып қалған соң аудан орталығында сынамаларды қабылдау пункті ашылған. Мұнда ветеринарлық-санитарлық сараптама бөлімі де бар. Бірақ сойылған мал етінің бактериологиялық аурулары бар-жоғы тексерілмейді.
Ардақ Жарманаева, Қатон-Қарағай аудандық биологиялық және паталогиялық сынамаларды қабылдау бөлімінің аға маманы:
-Ветеринарлық анықтама береді мал дәрігері, алдын ала қаралды деп. Сол қағаз бойынша мал етін қарап, сараптама актісін береміз.
Бұл жерге негізінен көктем, күзде төрт түліктен алынған қан сынамалары өткізіліп, кейін көрші ауданның зертханасына жеткізіледі. Жалпы елімізде бойынша осыдан 7-8 жыл бұрын 126 ветеринариялық зертхана құрылысы басталған. Бірақ, бөлінген ақша толық игерілсе де, 12 нысан салынбай қалды.
Қуаныш Шырманов, республикалық ветеринариялық зертхананың бөлім басшысы:
-Кейбіреуі 30, кейбіреуі 80 процент тұрғызылған, қаңқалары бар. Бөлінген ақша сол құрылысшыларда кетті. Себебі олар ақша аударылған, ал олар жұмысты атқармай, аяқтамай, тастап кеткен. Ақшаны жымқырған.
Қатон-Қарағай ауданындағы шаруалардың 70 пайызы малмен айналысады. Ал кейінгі жылдары ауданның эпизоотиялық жағдайы күрт нашарлап кеткен. Сібір жарасы, бруцеллез, қарасан сияқты аса қауіпті ауру ошақтары пайда болып, бірнеше ауылға шектеу шаралары да енгізілген болатын.

Берік Көшербай

Бөлісу