Түркістан облысының Арыстанды ауылында құбыр тартылса да, үш жылдан бері су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Арыстанды ауылында құбыр тартылса да, үш жылдан бері су жоқ

03.02.2021

Құбыр бар, су жоқ. Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Арыстанды елді мекенінде үш жыл бұрын ұңғыма қазылып, құбырлар тартылған. Алайда мердігердің жауапсыздығынан жұрт әлі күнге дейін таза суға қол жеткізе алмай келеді. Тіпті сексен миллион теңгеге салынған су мұнарасы да желге шыдас бермей құлап, қайта тұрғызылған.

Арыстанды ауылындағы әрбір үйдің ауласында осындай құдық бар. Сапасыз болса да тұрғындар осы суды тұтынуға мәжбүр. Шамасы жеткендер ғана он шақырым жердегі Төрткөл ауылынан тасып ішеді.

Халипа Махашева, Арыстанды ауылының тұрғыны:
- Ішіп отырған суымыз ащы. Мал да ішеді, біз де ішеміз. Судың ащылығынан бүйрегіміз бәрі ауырып жатыр.

Үш жыл бұрын ауылға құбыр тартылғанда ел-жұрт қатты қуанған. Бірақ жаңадан салынған мұнара бір жылдан кейін шыдас бермей құлап қалып, тартылған құбыр да ақыры қараусыз қалды. Таза суға зар болған тұрғындарға қол ұшын созған ешкім жоқ деп ашулы жұрт.

Нұрбол Төлегенов, Арыстанды ауылының тұрғыны:
- Тесіктерінің барлығы ашық күйінше қалды. Сұраусыз қалды. Мына башнямыз құлады желден.
Әлібек Бекбаев, Арыстанды ауылының тұрғыны:
- Осы мәселені қозғап, ауыл әкіміне, аудан әкіміне де бардық. Облысқа да шығып жатырмыз. Олардың берген жауабы ақша жоқ, оған бөлінген ақшаның бәрін осы фирма жеп, сотталып жатыр деді.

Жауапсыз мердігер тапсырысты бір жыл кешіктіргені үшін небәрі 194 мың теңге айыппұл төлеп құтылған. Бірақ кейін жұмысты толығымен аяқтаған. Деседе құбырдан аққан бір тамшы су жоқ.

Ерсейіт Бұхарбаев, Ордабасы аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
- Қыс мезгілі болуына байланысты, жердің тоң болуына байланысты қазба жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Ауа райы қолайлы болған жағдайда толық 113 үйге кіргіземіз. Наурыз айында толық бітіреміз.

Тұрғындар суды үйлеріне өз күштерімен кіргізіп алуы тиіс. Десе де, аңқасы кеуіп, кенезесі кепкен жұрт биліктің биыл су береміз дегеніне біржола сенуден қалған.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу