Батыс Қазақстан облысы «сары» аймаққа өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысы «сары» аймаққа өтті

03.02.2021

Павлодар облысында ауруханалардың жанынан қосымша инфекциялық стационарлар ашылды

Павлодар облысында вирустың таралуы бәсеңдер емес. Сондықтан, ауруханалар жанынан қосымша провизорлық стационарлар ашылды. Ал, Шымкентте оқушылар арасында індетінің өршуіне байланысты 6 мектеп карантинге жабылды. Атырауда да шектеу шаралары күшейтілді.

Павлодар облысының төрт ауданы мен қаладағы ауруханалар жанынан қосымша провизорлық стационарлар ашылып жатыр. ПТР анықтамасы бойынша сырқат деп танылған науқастар дәрігерлердің бақылауында болады. Ал, аймақта эпидахуал өршіп тұр. Қаңтар айынан бері статистика 200-ден төмен түскен жоқ. Соңғы тәулікте 235 сырқат анықталды. Жедел жәрдем қызметі тәулігіне 700-ге тарта шақыртуға барады. Өңірдегі Май ауданынан басқа 3 қала мен 9 аудан түгелдей «қызыл» аумақта.

Атырау қаласында карантиндік шектеу шаралары эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанға дейін қайта күшейтілді. Көпшілік іс шараларды өткізу доғарылды. Сондай-ақ, ойын-сауық орталықтары мен букмекерлік кеңселердің және мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне, мәдени нысандар мен кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынды. Өткен тәулікте өңірде 89 адамнан вирус анықталды. Оның 57-сі Теңіз кенішінен.

Оқушылар арасында індет өршіген соң, Шымкент қаласында 6 мектеп 2 аптаға карантинге жабылды. Оның бесеуі жалпы білім беретін, ал алтыншысы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі. Ғимарат ішінде індетке қарсы дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Өткен айда шаһарда 19 оқушы қатерлі індетті жұқтырған. Ал оқу жылы басталғалы 64 оқушы коронавирусқа шалдықты.

Ал, Батыс Қазақстан облысы «сары» аймаққа өтті. Себебі, індет жұқтырғандар екі есеге азайған. Бұл күшейтілген шектеу шараларының нәтижесі, - дейді мамандар. Дегенмен, карантин талаптары өзгеріссіз қалды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу