Басты Жаңалықтар Депутаттар тұрғын үйге қатысты бағдарламаларды сынады

Депутаттар тұрғын үйге қатысты бағдарламаларды сынады

Баспанаға қатысты бағдарламалардың бәрі тиімсіз. Бүгін депутаттар үй-күйсіз жүргендердің жайын күйттеп, Үкімет басшысына сауал жолдады. Баға аспандап тұр, сапа бақыланбайды, баспана кезегі жылжымайды.

Үкіметтің үй кезегін азайту әрекеті нәтижесіз. Себебі, баспанаға қатысты жоба көп. Бірақ, пайдасы аз. Мәселен «5-10-20» бағдарламасы. Шартына қарасаң көпбалалы, жалғыз басты ата-аналар, 1-ші және 2-топтағы мүгедектер мен жетім балалардың тұрғын үй мәселесі шешілуі тиіс делінеді. Бірақ, қолжетімсіз. Олар несие алу үшін соңғы 6 айдағы отбасы кірісін көрсету керек. Жәрдемақы мен зейнетақыға қарап отырғандарда қайдағы табыс? Ал кезекте әлі 540 мың адам тұр.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Азаматтардың осал санаттарына тұрғын үй қарыздарын кірісін растамай, олардың төлем қабілеттілігін қосымша параметрлер бойынша бағалай отырып алуға мүмкіндік беру. Бағдарлама бойынша тұрғын үйді жылжымайтын мүліктің қайталама нарығынан сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Саны көп сапасы жоқ бағдарламаларға қисапсыз қаржы жұмсалады. Әріптесінің пікірін депутат Жамалов қуаттады. Былтыр «5-10-20»-ға 390 млрд теңге, «7-20-25»-ке 309 млрд және «Баспана-Хит» бағдарламасына - 431 млрд теңге бөлінген. Бұған биылғы зейнетақы жинағынан түсетін 2,4 трлн теңгені қосыңыз.

Бұл жерде тек құрылыс компанияларының ұпайы түгел. Сапаны ұмытса да, бағаны қымбаттатуды ұмытпайды. Өткен жылы жаңа үйлердің құны – 5%-ға, ескі үйлер – 13,2%-ға өскен. Ал, нарықта тапшылық жоқ. Құрылыс қарқынды. Бір жылда 15 млн шаршы метр үй салынған. Олар үшін отандық өнімді қолдау деген бос сөз. Арматура, шатыр, сырт жапсырмалары, цемент тіпті құбырға дейін Ресейден жеткізіледі. 400 млн доллар көрші елдің қазынасына түскен.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бойынша үйлердің шаршы метріне шекті бағаны бекіту керек. Ал құрылыс компаниялардың міндеттемелерін күшейтуіміз тиіс. Импорт алмастыратын материал үлесін арттыру қажет.

Ал, Айқын Қоңыров аталған бағдарламалардан қайыр жоқ,-дейді. Керісінше 20 сотоқ жер беріп, екі өзекті мәселені шешуге болады. Үй тұрғызады, жеке шаруашылығын ширатады.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қарқынды құрылыс әлеуметтік проблеманы шеше алмай келеді. Ал әр адамға 10 сотоқ жер беру қалада жүзеге аспай отыр. Түйткіл – инфрақұрылым немесе учаскенің жоқтығынан емес, о бастан жоба бағыты дұрыс болмады. Енді ол олқылықты жою керек. Яғни арнайы бағдарлама, тіпті ұлттық жоба жасалуы тиіс.

Үш сауал да Үкімет басшысына жолданды. Басты мақсат – саннан сапаға көшу.

Нысаналы Ығыл


Бөлісу