Батыс Қазақстанда үйір-үйір жылқы ұрлап ұсталған барымташыларға қатысты сот басталды. 4 ағайынды баукеспе мен олардың бір сыбайласы өткен жылдың сәуірінде қамалып, 618 жылқыға арест қойылған еді. Тергеу сегіз айға созылып, алғашында қылмыскерлерге 8 оқиға бойынша айып тағылса, кейін эпизод саны 48-ге жетті. Ұрылардан бірнеше ауданның халқы зардап шеккен.
Нұргүл Қанатбаева, облыстық соттың баспасөз хатшысы:
Берікболат, Болат, Болатбек, Баубек Ешовтарға және Нұрхат Елеусізовке қатысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет аса ірі мөлшерде ұрлық жасаған, яғни 2013 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылдың қарашасы аралығында 47 жәбірленушіден 227 бас мал, ірі қара және жылқы ұрлаған деген айыппен қылмыстық іс түсіп, қаралуда. Сонымен қатар Ешовтарға «қаруды заңсыз ұстағаны үшін» және Болатбек Ешовқа «бөтеннің мүлкін қасақана өрт қойып жойды» деген айыптар тағылып отыр.