Таразда карантин талабын бұзған екі түнгі клуб жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда карантин талабын бұзған екі түнгі клуб жабылды

29.01.2021

Елордада карантин талабын бұзған 12 мекеменің қызметі тоқтатылды. Себебі, түнгі клубтар мен караоке залдары қолданыстағы қаулыға қарамастан карантин талаптарын әлі де сақтамай тұр. Кесірінен ойын-сауық мекемелерінде вирус жұқтыру ықтималдығы артып отыр. Осылайша, қалалық сот 12 мекеменің қызметін тоқтатты және 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұлдар салды. Заң бойынша кешкі сағат 8-ден кейін барлар мен мейрамханаларда көңіл көтеруге тыйым салынған. Тәртіп бұзған кәсіп иелеріне 600 мың, қонақтарға 87 мың теңге айыппұл белгіленген.

Таразда да карантин талабын бұзған екі түнгі клуб жабылды. Өңірдегі мониторингтік топ мейрамханалар мен дәмхана иелеріне қатысты 259 хаттама толтырып, оның 244-ін сотқа жолдаған. Жалпы, сақтық шараларына бей-жай қараған азаматтарға 51 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу