Пандемия кезінде қаржы жымқырғандарға 100 қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемия кезінде қаржы жымқырғандарға 100 қылмыстық іс қозғалды

29.01.2021

Президент бюджеттің әрбір тиынын қатаң бақылауға алып, оның талан-таражға түспеуін бұған дейін де бірнеше мәрте тапсырған. Өйткені қазына қаржысына қол сұғатындар азаймай тұр. Дәніккеннен құныққан жаман. Мәселен карантин кезінде жұрт қан жұтып жатқанда, ақ жағалылар індетпен күреске бөлінген қаржыны жымқырумен әуре болған. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы біраз былықты жайып салды.

Халықтың қайғысына пысқырып та қарамайтын парақорлар тойғанын білмейді. Жұрт жұқпалы аурудан көз ашпай жатқанда құлқын қамын ойлаған. Олар індеттің өршіп тұрған шағында қомақты қаржы жымқырды. Пандемияға байланысты 100 қылмыстық іс тіркелді. Жартысына жуығы – корона дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты қолды еткен.

Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:
-Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай, лауазымын «қалтасын толтыруға» пайдаланып, жүйелі түрде пара алып, бюджет қаржысын жымқырды. Менің ойымша, өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю – сатқындық пен адам өлтіруге тең.

Жау жағадан алғанда, бөрі етектен. Халық індеттен ес жия алмай жатқанда Алматы мен Шымкенттегі модульдік аурухананың құрылысына бөлінген қаржыға қолды болған. Бірақ, іс қозғалғанмен, күдікті жоқ.

Мұрат Ахметов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департамент басшысы:
-Модульдік жұқпалы аурулар ауруханасына байланысты екі іс жүргізіліп жатыр. Ол Шымкент аумағымен және Алматы қаласы. Оған байланысты тиісті сараптамалар тағайындалған. Соның қорытындысы болған соң кінәлі адамдар оның ұрлыққа, жымқыруға қатысты адамдар заңды түрде жауапқа тартылады. Ауруханалардың салынған құны 5,5 млрд. Оның ішінде енді заңсыз жымқырған фактілерде тағайындалған сомалар айыпқа келтіріледі.

Былтыр жазда ауру асқынып, жұрт дәрі таппай абдырап қалды. Іле-шала «СК- Фармация» басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал бүгін сол күдіктінің кесірінен дәрігерлер коронавирус жұқтырғаны айтылды.

Сергей Перов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші департаментінің басшысы:
«СҚ-Фармация» бойынша іс аяқталды, бүгінде таныстыру жұмыстары жүріп жатыр. Іспен танысу жұмыстары аяқталғаннан кейін ол айыптау қорытындысын бекіту үшін прокуратураға жолданады. Толыққанды мәлімет бере алмаймын. Күдікті бір адам ғана. Оның әрекеттерінің салдары денсаулық сақтау мекемелерінің қалыпты жұмысы бұзылып, дәрігерлер инфекция жұқтырды.

Балық басынан шіриді. Пара берсе, ала беретін басшы азаймай тұр. Былтырдың өзінде 210 шенді қылмысқа тартылған. Қай салада болмасын сыбайластық тамыр жайды. 722 адам сотталды, оның ішінде бір облыс әкімі, төрт өңір әкімінің орынбасары, екі жауапты хатшы, екі комитет төрағасы, бір елші, бес судья, 10 аудан әкімі мен олардың орынбасары бар. Ол аз десеңіз, бес вице-министрге, бес комитет төрағасы мен олардың орынбасарына, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдардың бес топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
-Жиында ЛРТ-ның құрылысына бөліген ақша туралы да айтылды. Бұл факті бойынша бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты іс сотқа жолданды. Ал «Астана ЛРТ-ның» бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі іздеуде жүр. Айтпақшы, бұдан былай жұртым деп емес, құлқын деп жүретін шенділердің жер сыпырып кетуі ғажап емес. Агенттік төрағасы ондайларды қоғамдық жұмысқа тарту арқылы жазалауды да қарастырып жатқаны жеткізді.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу