Келер жылы БАҚ туралы жаңа заң қабылданбақ. Сондай-ақ, 2021 жылы мемлекеттік басылымдар «Қазақ газеттері» брендіне біріктірілмек. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева алқа отырысында айтты. Жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, келер жылға қойылған жұмыс жоспары талқыланды. Министрлік соңғы уақытта журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы дамытуды қолға алған. Нәтижесінде, телеарналарда отандық фильмдер мен бағдарламалар көбейіп, шетелдік контент 30%-ға қысқарды. Сонымен қатар, министр БАҚ-та атқарылған ауқымды жұмыс коронавирусқа қатысты ақпараттандыру екенін атап өтті. Өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдарында пандемияға қатысты 270 мыңдай мақала жарияланған.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Қоғамдық берекесі мен бастаған ісінің баяндылығы көп жағдайда осы біздің министрліктің жұмысына байланысты. Бұл туралы халықтың, әсіресе, өңірлердегі жұртшылықтың кеңінен біліп, бар мәселемен бөліскені дұрыс. Сол себепті келесі аптадан бастап ел алдына шығып, онлайн/офлайн форматтарда «өңірлердегі министрлік күндерін» ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Фариза Мұсақызы