Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ақтаулықтарға жақында қабылданған экологиялық кодексті таныстырды. Ведомства басшысының сөзінше, жаңа құжат - Маңғыстау экологиясын жақсартудың негізгі құралына айналады. Себебі кодексте ауаны, қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындарға талап өте жоғары. Олар бұрынғыға қарағанда енді 10 есе көп айыппұл төлейді. Сонымен қатар барлық ірі кәсіпорындар 10 жыл ішінде озық, қолжетімді технологияларды енгізуге міндеттелді. Олай болмаған жағдайда эмиссия төлемдері еселеп өседі. Министр экологиялық кодекстің халықаралық тәжірибе негізінде әзірленгенін айтты. Жиында экологтар мен қоғам белсенділері биоалуантүрлілікті сақтауға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Министр одан әрі Қошқар ата қалдық қоймасын залалсыздандыру жобасымен танысты. Жоба-ақпанда басталып, улы көлдің бетіне топырақ төселіп, айналасына жасыл желек егіледі.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
Әкімнің айтуынша, бұл жұмыс 4-5 жылдың ішінде жасалуы тиіс. Дегенмен біз осында ақылдасып, осы жұмысты 3 жылдың ішінде бітіреміз деген уағдаластыққа қол жеткіздік.
Аягөз Оралбайқызы