Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Ащысай елді мекені қар құрсауында қалды. Ақтүтек боран соғып, орталықпен байланыс үзілген. Екі мыңға тарта халқы бар ауылдың жолы әлі де ашылмаған. Бүгін де боран соғып тұр. Бірнеше күн бойы азық-түліктен тарыққан ауыл халқына көмек енді жетті. Ал, Кентауға он екі сағатта әрең жеткізілген науқас әйелдің жағдайы ауыр.
Айнұр Ақбаева, тілші:- Кентаудан Ащысайға қатынайтын жалғыз жол төрт күннен бері жабық тұр. Ақтүтек бораннан бір жарым метрге дейін қар жауып, көліктер қозғалысын қиындатқан. Бүгін өңірдің төтенше жағдайлар қызметі мен жолға жауапты мамандар Ащысайға баратын жолды ашуға тырысқанымен оның өзі қиындықтар туғызуда. Елу шақырым жердегі Ащысайға төрт сағаттан бері жете алмай отырмыз.
Төрт күннен бері жол азабын тартқан жұрт әбден әбгерге түскен. Боран соққалы жолдар ашылмай, көліктер қар құрсауында қалып қойған. Кейбірі тіпті көлігін тастап, ауылға жаяу қайтқан. Байланыстың жоқтығынан құтқару қызметін де шақырта алмаған.
Қайрат Сариев, Ащысай ауылының тұрғыны:- 112-ге звондай алмадық. Кеше бір науқас ауырды, он екі сағат бойы таудың ішінде жүріп қалдық. Не жол, техникалары жоқ.
Ащысай ауылының әкімі жолға жауапты мекеменің салғырттығын сынға алды. Себебі жол тазалайды деген техниканың өзі келген күні ақ бұзылып қалған. Ал, ауылда жарық сөніп, халықты одан бетер титықтатып жіберген. Ауданнан да облыстан да дер кезінде көмек болмаған.
Ғалымжан Андасов, Ащысай ауылының әкімі:- Ауылда жарық болмай қалды. Жарық болмаған соң суда болмай қалды.
Жарық үш күннен кейін ғана берілген. Алайда жел тұрса болды қайта сөнеді. Ал, өңірдің құтқару қызметі жол болмаған соң жете алмаған.
Сейітжан Бекмұрзаев, «Оңтүстік жолдары» МКК директорының орынбасары:-Үш техника арғы жағынан істеп келе жатыр, екі техникамыз кеше жолда бұзылып қалған. Жанармай таситын көлігіміз түнде жолда бұзылып қалды, содан жанармай жеткізе алмады.
Тек төрт күн дегенде, яғни бүгін ауылға азық-түлік тиелген көлік келіп жетті. Оның өзі елу шақырым жерді алты сағатта жүріп өтті. Әзірге жолдар жабық, қатынас қалпына келмей тұрғындардың сыртқа шығуына тыйым салынды.
Айнұр Ақбаева