Басты Жаңалықтар Атырау облысындағы тұз зауыты өнімін экспорттай алмай отыр

Атырау облысындағы тұз зауыты өнімін экспорттай алмай отыр

Атырау облысына қарасты Индер ауданында орналасқан өңірдегі жалғыз тұз зауыты, өз өнімін шетелге экспорттай алмай отыр.
Бір жарым айдан бері кәсіпорынға тауарды тасылмалдайтын вагон келмеген. Соның кесірінен шығынға батқан кәсіпорын жағдай түзелмесе тығырыққа тірелмек.

Зауыт жылына 100 мың тонна техникалық тұз игереді. Өнімнің 90 проценті шетелге экспортталады. Бір айдың өзінде 10 мың тонна тауар шекара асуы тиіс. Алайда, биылдыққа бұл меже орындалмады. Себебі, вагон мерзімінде келмеді.
Димат Туғанбай, тұз зауытының техникалық директоры:
-«КТЖ» біздің негізгі магистральдарда вагондардан кептеліс болып тұр дейді. Сол себепті, бізге вагондарды кіргізбей жатыр. Клиенттер тұзды сұрап жатыр.
Жандос Темірғали, тілші:
-Бұл – тау төбе болып үйіліп жатқан тұз. Сапасы әлем бойынша алдыңғы орында тұр. Табиғи байлық сарқылмайды. Өйткені, кен орнындағы тұз қабаты жыл сайын 10 мм-ге дейін қалыңдап, жаңарып отырады.
Тұз өндірушілер күткен 200-дей вагон өзбек шекарасынан аса алмай тұр. Кәсіпорын амалсыздан техникалық тұзды жүк көліктеріне артып жатыр. Бірақ, бұ тиімсіз. Іс өнбейді, тисінше пайда аз.

Димат Туғанбай, тұз зауытының техникалық директоры:
-Вагон келмеген себебінен осы жылы 70 млн-дай шығын болып тұр.
Жалғыз тұз зауыты емес, елдегі өзге де мекемелер вагон тапшылығынан жүк жөнелте алмай отыр. Пандемияның кесірінен жағдай күрделеніп кетті дейді жауаптылар. Тіркемелердің басым бөлігі Қытайдың аумағында кептелісте тұр, сол себепті кідіріс пайда болды.

Қанат Көбесов, «ҚТЖ-жүк тасымалы» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:
-Қытай тарапынан пандемияға қарсы талаптар қатаңдатылып, екі ел арасындағы жүк тасымалы қиындап кетті. Сонымен қатар Қазақстанда шетел вагондарының саны екі есеге артқан. Өткен жылы 25 мыңдай болса, қазір 50 мыңға жуық. Біз елдегі шетелдік вагондардың санын қысқарттық. Әрине , теміржол арқылы өнім тасымалдап отырған зауыттарға мұның кері әсері тимей қоймады. ‎

Жүк вагондарын жеткізіп беруді сұраған Тұз зауытының арызы қазір қаралып жатыр дейді мамандар. Егер мәселе жуық арада шешілмесе, шығынға батқан кәсіпорын дағдарысқа ұшырауы әбден мүмкін.

Жандос Темірғали

Бөлісу