Басты Жаңалықтар Атырау облысындағы жеті ауданның бесеуінде мал азығы тапшы

Атырау облысындағы жеті ауданның бесеуінде мал азығы тапшы

Атырау облысындағы жеті ауданның бесеуінде мал азығы тапшы. Қыстың көзі қырауда тығыраққа тірелген қожалық иелері жеп-шөпті көрші облыстардан тасуға мәжбүр. Екі-үш жыл қатарынан жалғасқан қуаңшылықтан шабындыққа қылтанақ шөп өспеген.

Индер ауданының төскейіне мал өсіріп, пайдасын көрем деген Салауат Жұбанғали қазір қып-қызыл шығынға батып отыр. Өйткені, қорадағы 50 сиырға беретін азық жоқтың қасы. Былтыр алған 200 орам шөп көктемге жетпей түгесілмек.

Салауат Жұбанғали, шаруа:
-Қыруар шығын. Жетпесе тағы аламын. 60-70-тей рулон қалған болар. Шөп жағынан қиналып тұрмыз.
Жандос Темірғали, тілші:
-Кейде қыруар қаржыға сатып алынған мал азығы сапасыз болып шығады. Мәселен, мына шөп Батыс Қазақстан облысынан әкелінген. Құнарсыз болғандықтан мұны төрт-түлік жарытып жемейді.

Ал, Сембай Арыстанов Исатай ауданын сонау Оралға биылдыққа 10 рет барды. Мал азығын алыстан тасу шаруаға артық салмақ болып тұр.

Сембай Арыстанов, шаруа:
-5-6 жыл болған болар шөп болмағынына. Үнемі тасып жүреміз. Исатай ауданындағы бәрінің жағдайы осындай.

Қуаңшылықтың кесірінен құрық ұстап қала жаздаған Сағат Садықов шөпті қолдан өсіруге көшкен. Бірақ пайдасынан шығыны шаш етек – дейді.

Сағат Садықов, қожалық жетекшісі:
-Шабуы бар, тасуы бар, орауы бар дегендей қырғын шығын бар. Субсидия берсе кішкене өнімдеріміздің де бағасын төмен түсіреміз ғой.

Өңірдегі 7 ауданның бесеуінде қазір малдың азығы қат. Шаруалардың шығынын өтеу үшін былтырдан бері жергілікті бюджеттен субсидия ішінара ғана берілді.

Тілек Әміров, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
-Аудандар ішінде Мақат ауданындағы шаруашылықтардан субсидиялауға байланысты өтінімдердің түспеуіне байланысты субсидияланған жоқ. Жалпы, облыстың 7 ауданынан 208 шаруашылық құрылымдары бөлінген 699 млн қаражатты толықтай игерді.

Алдағы уақытта облыста қолдан шөп өсіру көзделген. Бірақ бұл тек жоспар ғана. Сондықтан, шаруаларға өзге өңірлерден жем-шөп тасып жан бағуға тура келеді.

Жандос Темірғали


Бөлісу