СҚО-да ұн комбинаттарының 70 пайызы банкрот болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да ұн комбинаттарының 70 пайызы банкрот болған

26.01.2021

Солтүстікқазақстандық ұн комбинаттарының иелері дабыл қағуда. Қазірдің өзінде өңірдегі 20 кәсіпорынның 70 пайызы банкрот болған, қалғандары өлместің күнін кешуде. Басты себеп, бұрындары дайын өнім импорттайтын көрші мемлекеттер, енді тек шикізат алуға ғана көшкен. Салдарынан өндіріс тоқтап қалған.

«Северсильзерно» кәсіпорыны бұрындары Ауғанстанға айына 120 вагон ұн жөнелтіп келген. Бірақ соңғы жылдары тауар көлемі 6 есеге азайтып, айына 20 вагон ғана жіберетін болған.

Таисия Колегова, ұн комбинатының қаржы директоры:
-Өзбекстан 2012 жылы Қазақстаннан 658 мың тонна бидай, 1 миллион тоннадай ұн сатып алған болса, былтыр 2 миллион тонна бидай, тек 650 мың тонна ұн алған. Тәжікстан да солай, дайын өнімді импорттауды азайтып, шикізат алуға басымдық беріп отыр. Өйткені өз елдерінде шикізат әкелгендерге салықтық жеңілдік бар. Қазіргі күні Ауғанстанға ғана жіберіп жатырмыз ұнды. Бірақ, ол жақтың нарығы тұрақсыз.

ТМК ұн комбинатының да жағдайы мәз емес. Жаңа қондырғы сатып алып, жұмысы енді жанданғанда, сұраныс кеміп, тұралап қалған.

Иса Аллахяров, ұн комбинатының директоры:
-Мәселеге тек ауыл шаруашылығы ғана емес, ұлттық экономика министрлігі де араласса дейміз. Өйткені біз мына Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жету үшін 700 шақырым жолға тоннасына 53 доллар төлесек, Түркіменстанға апаратын 3000 шақырым жолға 32 доллар шығындаламыз. Яғни, бұл жерде бізге Өзбекстан тарапынан қысым жасалып отыр. Бұрын 12 күнде жететін тауарымыз қазір 1 жарым ай бойы тұрады қаңтарылып, ал өздері сол уақытта біздің шикізаттан дайындалған өнімін 2-3 рет жеткізіп үлгереді.

Ұн тартушылардың ендігі үміті- Үкіметте. Мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілмесе, кәсіпорындар тегіс жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Арман Оразғұлов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
-Орта Азия елдері - біздің негізгі тұтынушы. Алайда, Өзбектсан өз елі арқылы өтетін тауарға импорттық акциз енгізді. Бұл қазақстандық бизнесмендер үшін тиімсіз. Көп шығын әкеледі. Кәсіпкерлер Үкіметтен қолдау шараларын енгізуді сұрап отыр. Біз өз тарапымыздан кеңес өткізіп, ұсыныстарын хаттамаға енгіздік.

Тағы бір мәселе- ұнның биржалық тауарлар тізіміне енгізілуі. Ұн тартушылардың айтуынша, өнімнің бұл түріне сұраныс азайып барады, онсыз да дайын сатып алушы мен өндіруші арасында делдал қажет емес. Бұл өнім бағасының көтерілуіне әкелуі мүмкін.

Сағындық Сәбитұлы


Хабарламаларға жазылу