1-шілдеден 21 жаңа әкімшілік сот құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1-шілдеден 21 жаңа әкімшілік сот құрылады

25.01.2021

Енді судьялар азаматтарға жақтасады. Яғни мемлекеттік органдар түсірілген арызға қарай сот алдында ақталуы тиіс. Биыл шілдеден бастап әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс енгізіледі. Бұл құзырлы мекемелер алдында есесі кеткен адамдардың құқын қорғайтын заң. Өңірлерде өз алдына жаңадан 21 мамандандырылған әкімшілік соты ашылады. Сарапшылар осыдан кейін қолын бір сілтеп, күдер үзгендердің шағымы қайта артады ,- деп отыр. 

Биліктен әділдік іздеп әбігер болатындар көп. Жеке немесе заңды тұлғалар лауазымдылар алдында лажсыз жағдайға жиі тап болады. Себебі, олар тұтас бюрократиялық аппаратпен соттасуыға қауқарсыз. Ал, кейбірінің тіпті қорғаушысы жоқ, құқықтық сауатсыздары да бар. Қазір мемлекеттік мекемелерге қатысты шағымдар азаматтық процестік кодекске сәйкес қаралады. Судья тек заң шеңберінде келтірілген дәйектерге сүйенсе, енді олардың ықпалы артпақ.  

Салтанат Шәмшінұрова, Сарыарқа аудандық сотының судьясы:  
Мемлекеттік орган өз шешімін шығарар алдында азаматтың ұстанымын тыңдауға міндетті. Сот процесіндегі басты қағидат – ол судьяның белсенді рөлі. Мемлекеттік орган өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеуі керек. Егер дәлелдемелер жеткіліксіз болса судья өз бастамасы бойынша оларды жинайды.  

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске «кінәлілік презумпциясы» ұғымы енгізілген. Азаматтар шағым түсірсе жеткілікті. Мемлекеттік орган арызға қарай сот алдында өзін ақтап шығуы тиіс. Демек, биліктің де иілетін күні тақау. Оның үстіне, судьялар тараптар ұсынған құжаттармен шектелмей, қосымша дәлелдер жинауға құқылы. Айтпақшы, іске прокурорлар қатыспайды.  

Думан Сүлейменов, ҚР Әділет министрлігі заңнама департаменті директорының орынбасары: 
Билік органдарының дауларына қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғайтын тиімді тетікті белгілейді. Мысалы дауды шешкен кезде заңнамада бар күмәндарды, қайшылықтарды немесе түсінбеушіліктерді азаматтардың пайдасына талқыланады.  

Жаңа кодекске сай билік органдары тек жауапкер ретінде сотқа тартылады. Қарапайым тұрғыннан бастап, бизнес өкілдері, инвесторлардың құқы қорғалады. Егер сот шешімін орындамаған жағдайда лауазымды тұлғаларға 150 мыңнан 300 мыңға дейін айыппұл салынады.

Нысаналы Ығыл, тілші:  
Сонымен 1-шілдеден 21 жаңа әкімшілік сот құрылады. Судьялар да даярланып жатыр. Араларынан кәсібилігінен бөлек, харизмасы бар, шешендері іріктеледі. Қазір жария-құқықтық даулар бойынша 29 мың іс қаралуда. Бірақ, бұл тым аз. Мамандар кодекс күшіне енгеннен кейін шағым 40 пайызға дейін көбейтініне сенімді.   

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу