Басты Жаңалықтар Шығыс Қазақстан облысында көліктердің өртенуі жиілеп кетті

Шығыс Қазақстан облысында көліктердің өртенуі жиілеп кетті

Шығыс Қазақстан облысында көліктердің өртенуі жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар негізінен электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болады, дейді мамандар. Шығысты шыңылтыр аяздың қысып тұрғаны да өрттің көбеюіне тікелей әсер етіп тұр. Өйткені қатып қалған көлігін от алдыру үшін тұрғындар қауіптілігін ескермей түрлі әдіс қолданып әлек.   

Берік Көшербай, тілші: 
-Аязды күндері көлік иелері осы қыздырғыш құралды жиі пайдаланады. Отын тұтатып, қатып тұрған машинаның астына осылай біраз уақытқа қойып қойса, мотор жылып, май жібіп, көлік жылдам от алады. Бұл техниканы іске келтірудің ең тез әрі тиімді тәсілі болып көрінгенімен, өте қауіпті. 

Жалпы елімізде ашық от көзін пайдаланамын деп автокөлігінен айырылып қалғандар аз емес. Әбден тозған ескі техника, бір жағынан жүргізушілердің көлігіне салғырт қарауы да – өрт шығуының бірден-бір себебі дейді мамандар. Мысалы, тек Шығыс Қазақстанда жыл басталғалы бері 20 машина жанып кеткен. Бұл сан былтырғыдан екі жарым есе көп.

Серік Амангелдіұлы, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқарма бастығының орынбасары: 
-Көбінесе автокөліктер ескі болады, сымдары тозған. Жылы күндері жарайды, автокөліктер жайлы жағдайда пайдаланылады. Ал қыста айырмашылығы бар, сол себепті ғой өрттің көбеюі.  

Сондықтан да қатты аязда қатып қалған темір тұлпарды от алдырудың табыс көзіне айналуы - заңдылық. Электр қуатын шығаратын генераторы мен арнайы құрылғысы бар жігіттердің жұмысы күн суытқан сайын қыза түседі. Олар алдымен көлікті айнала қымтап, сосын астынан ыстық ауа үрлейді.

Жарас Тұмаров, қала тұрғыны: 
-Таңғы сағат алты-жетіден тастап шығамыз. Өйткені адамдар жұмысқа бару үшін ерте тұрады. Таңертең шығады, көлік от алмайды. Біз барамыз, бір машинаны жылытудың бағасы орта есеппен 5-6 мың теңгеден басталады. Күніне шамамен 10-12 адам хабарласады.  

Өрт сөндірушілер темір тұлпардың техникалық жағдайын жиі тексеріп тұруға кеңес береді. Көп адам көлік жана бастағанда өз күшімен сөндіруге тырысып, ақыры опық жеп қалады. Бұл әрекетінен түк шықпаған соң ғана құтқарушыларға хабарласады, бірақ тым кеш болып жатады. Осылайша, былтырғы жылы өңірде 202 көлік өртеніп кеткен.

Берік Көшербай 


Бөлісу