Бағдат Мусин Алматыдағы жасанды интеллект жобаларымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бағдат Мусин Алматыдағы жасанды интеллект жобаларымен танысты

22.01.2021

Медицинадағы озық технология аудандар мен ауылдарға да жетуі тиіс. Отандық ғалымдардың денсаулық сақтау саласындағы тың идеялары нәтиже беріп келеді. Осылай деген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Алматы қаласында жасанды интеллект жобаларымен танысты.  

Үш күн бұрын ғана жүзеге асқан су жаңа «Серебра» жобасы. Елімізде тұңғыш рет енгізілген медицинадағы ноу-хау. Отандық ғалымдар мен радиологтар 2 жыл уақытын сарп етті. «Нәтижесі таңғаларлық», - дейді дәрігерлер.

Рауан Қастей, №7 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі: 
-Бас миының қан тамыры бітеліп келген науқастарды МРТ салып біраз уақыт жұмсайтынбыз. «Серебра» жүйесі 1 секунд ішінде науқастың қандай қан тамыр жабылғанын көрсетіп береді. Дәрімен емдеу керек пе сұйылтатын немесе ота керек пе, соны айтып береді. 

Автоматтандырылған платформа инсультты 5 минут ішінде таниды. Ми тамырларындағы өзгерісті жылдам есептеуге қабілетті. Алматыда жасанды интеллект саласындағы инновация қарқынды дамып келеді.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:  
-Көбісі менен сұрайды: «Цифрлы Қазақстан» деген не? Цифровизация деген - нақты жобалар. Біздің күнделікті өмірімізде салаларға көмектеседі. Мамандарға көмек беру. Рентген аппарат жәй аппарат емес, бүгінгі аппараттар бәрі цифрландырылған.  

Министр атап өткен заманауи технология осы. Өкпенің онкологиялық ауруларын жедел анықтайды. Жоба дерттің 14 симптомын тауып, COVID-19-ға тән пневмонияны тани алады.

Жандос Аманқұлов, «Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ бөлім меңгерушісі: 
-Біздің жасанды интеллект өкпедегі патологияны автоматты түрде анықтайды дәрігерге дейін. Сәйкесінше дәрігер келісуі мүмкін, келіспей басқа диагноз қоюы мүмкін.  

Дәрігерлердің білім-білігі мен тәжірибесіне қарамастан, ақпараттық жүйе дұрыс диагностикалауға басымдық беруі тиіс. Министр алда медицинадағы отандық инновацияны ауыл-аймаққа жеткізуді қолға аламыз деді.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу