Көкшетаулықтар «пәтерлеріміз суық» деп шағымдануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаулықтар «пәтерлеріміз суық» деп шағымдануда

21.01.2021

Тек Арқалық емес, Көкшетаудың тұрғындары жылу мардымсыз, пәтерлеріміз суық деп шағымдануда. Қыс басталғалы баспанамыз бір жылынбай қойды, - дейді олар. Көкшетаулықтардың айтуынша, өткен қыста мұндай болмаған.  

Мария Капченко пәтерінде пима киіп жүруге мәжбүр. Жылыту қондырғысы да үнемі қосулы. Себебі орталықтандырылған жылу мардымсыз.  

Мария Капченко, қала тұрғыны:  
-Былтыр үйіміз жылы болды. Көршілерде де шағым болған жоқ. Биыл не болып қалғанын түсінбеймін. Ақшасын уақытылы ай сайын төлеп тұрамыз. Ал пәтердегі температура 18-19 градус қана. Оның өзі мына жылыту қондырғысы арқасында. Түнде қауіпсіздік үшін ағытып қоямын. Қабаттап киініп аламын. Аяқта пима.  

Мария Капченко сияқты дірдектеп отырғандар көп. Оған - әлеуметтік желілердегі жазбалар дәлел. Арыз-шағымдарды сараласақ, қаланың тең жартысы жылуға жарымай отыр.

Ермек Елберген, тілші: 
-Жылуға жарымай отырғандардың қатарында жаңа үйлердің де тұрғындары бар. Сондықтан кейбір баспаналардың ескі болуы пәтерлердің суықтығына себеп емес. Бірақ бір қызығы, қала түгілі, бір шағын аудандағы көпқабатты үйлерде жылу деңгейі әр түрлі. Бірінде жылу болса, енді бірінде суық.  

Көкшетауда 51 мыңнан астам абонент орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Аязды күндері 300-ге дейін шағым түскен. Жауаптылар олардың бірде-бірі назардан тыс қалмайды деп отыр.

Валерий Менгулов «Көкшетау жылу» мекемесінің жедел басқару қызметінің басшысы: 
-Біз жылудың қажетті деңгейін беріп тұрмыз. Қазандықтар қалыпты жұмыс істеуде. Біз жылуды ғимаратқа дейін жеткіземіз. Тексеріс кезінде нысандардың ішіндегі жылу жүйесі жобасының бұзылғандығы жиі анықталады. Қосымша батареялар, басқа құбырлар орнатылған. Бұл ғимараттағы жылудың азаюына әкеледі.    

Қалада соңғы 5 жылда жылу жүйесіне 200-ден астам нысан қосылған. Бұл үрдіс жалғасуда, құрылыс қарқынды. Сондықтан алдағы уақытта жылу қазандығының қуатын арттыру қажет, - дейді мамандар. Ал қазір жылуы мардымсыз үйлерге техникалық тексеріс жасап, олқылықты анықтамақ.

Ермек Елберген 


Хабарламаларға жазылу