Енді азаматтар жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу құжатын өздерімен алып жүруге міндетті емес. Сенат депутаттары биыл алғашқы жалпы отырыста тиісті заң жобасын қабылдады. Жол сақшылары қажет болған жағдайда жүргізушінің жеке куәлігі арқылы электрондық базадан мәліметтерді тексере алады. Сәйкесінше, аталған құжаттар болмаған үшін әкімшілік айыппұл салынбайды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қабылданған заң Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында жасаған ұсыныстары аясында әзірленді. Бұл цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз. Алдағы уақытта заң азаматтар үшін осы бағытта қолайлы жағдай туғызуға жұыс істейді деп сенеміз.
Осы құжаттың талабына сай енді 10 жылдан бері қолданыста жүрген автобустар тіркеуге алынбайтын болды. Бұл елге енді әкелінетін көліктерге ғана қатысты. Жаңашылдықты келер жылдың 1 қаңтарынан енгізу жоспарланып отыр. Осы арқылы автобус парктерін кезең-кезеңмен жаңартып, ескірген көліктер салдарынан болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу көзделген. Айта кетерлігі, соңғы 3 жылда елімізде 46 мыңға жуық жол апаты болып, салдарынан 6,5 мыңға жуық адам көз жұмған.
Дарын Сағитов