«Тақиялы періштеде» Тайлақ рөлін сомдаған актер қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тақиялы періштеде» Тайлақ рөлін сомдаған актер қайтыс болды

19.01.2021

86 жасқа қараған шағында Қазақстанның мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы, актер Әлімғазы Райымбеков дүниеден озды. Ұлттық кино өнерінің жауһарына айналған «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың рөлін сомдаған талант иесі көрерменнің көзайымына айналды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін салауатты өмір салтын ұстанған Әлімғазы Райымбеков і ндеттен айыға алмады.    

Осы кинофильмнен кейін Әлімғазы Райымбековты таныған жұрт Тақиялы періште атап кетті. Болмыс бітімімен сол кездегі киногерлердің көзіне түскен ауылдың қарапайым жігіті одан кейін де талай образдарды сомдады. 20-дан астам кино және деректі фильмдерге түсті. Актерлік білімі болмаса да шеберліктің шыңынан көрінді.   

Кендебай Темірбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері: 
-Дала өнерінің, халықтың ішінен шыққан саф алтындай үлкен құдіретті келбетін кейінгі ұрпаққа, жастарға айта жүрсек соның өзі бір үлкен міндет мойнымыздағы парыз деп санаймын. 

Әлімғазы Райымбеков отбасылық құндылықтарды жоғары қойды. Бір сәттері өнерден қол үзіп, ауылға оралып көлік жүргізді. Зайыбы Гүлжауармен бес ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Бірақ спорттан қол үзген жоқ. Кинода көтерген зіл темірін 80-ге келгенше оңай еңсеріп жүрді.

Әбдуәли Тастанов, спорт ардагері: 
-65-ші жылы қазақ күресінен тұңғыш Қазақстанның чемпионы болған бұл кісі. Енді біз осы кісіге еліктеп өстік.  

Басынан бөркін тастамаған Әлімғазы ақсақал Жетісу өңірінің қоғамдық өмірінен де шет қалмады. Ұрпаққа ұлағатымен танылған жан өмірде де өнер де тұтас қазаққа өнеге болды. Тума таланттың кинодағы жұздызының жануына осы саладағы аға буынның ықпалының зор болғанын арнамызған берген сұхбатында айтқан еді.

Әлімғазы Райымбеков, Қазақстанның мәдениет қайраткері:  
-Өмірге деген қуаныш, табиғаттың сұлулығы, жұлдыздардың жүруі, желдің соғуы осының бәрі өнер саласындағы ағаларым мен апаларымнан үйренген жайттарым бар.  

Қазақтың «тақиялы періштесін» Жетісулықтар ертең соңғы сапарға шығарып салады. Жаны жайсаң, жүрегі жомарт Әлімғазы қарияға кіндік қаны тамған ауылының топырағы – мәңгілік мекен.

Қуаныш Қанатұлы  


Хабарламаларға жазылу