Батыс Қазақстандағы 106 елді мекенде интернет жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстандағы 106 елді мекенде интернет жоқ

18.01.2021

Батыс Қазақстандағы 106 елді мекенде әлі күнге дейін ғаламтор байланысы жоқ. Шалғайды айтпағанда облыс орталығының дәл іргесіндегі ауылдарда интернет өте әлсіз. Мәселен, қаладан отыз шақырым жердегі Ақсуат ауылының балалары оқу жылы басталғалы онлайн сабаққа кіре алмай қиналды.  

Оқу жылының басында балаларға үлестірілген роутерлер мен ноутбуктердің дені осылай шаң басып қорапта жатыр. Нұрболдың көп уақыты интернет байланысын іздеумен өтеді. Желіге қосылғанның өзінде, тапсырманы қабылдап, қайта жолдау қиямет қайым.  

Мұхабат Ибрагимова, Ақсуат ауылының тұрғыны:   
-Сеть осы бөлмеден. Оны да осылай істейміз мінеки. Бүгінгі жіберген тапсырмасы ертеңге барып түседі.  
Нұрбол Досжанов, оқушы:   
-Файлдар жібереді, ашылмайды. Содан кейін аудиозаписьтер жібереді, олар да кей кезде ашылмай қалады. Біздер өз бетімізше жасауға тырысамыз. 

Интернет іздеп, терезені төңіректегеннің тағы бірі - Әлібек. Карантин басталғалы жастайынан мүгедек жігітке онлайн оқу нағыз машақат болды. Тапсырманы орындау үшін ол тіпті көрші ауылға бірнеше рет барыпты.

Әлібек Айтқалиев, студент:      
- Тапсырма жіберілмей қалады. Сол кезде мұғалімдер де сенің жағдайыңды біреуі түсінеді, біреуі түсінбейді. Балыңды төмен қоя салады, болды. 

Статистика бойынша 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендердің барлығы дерлік интернетпен қамтылған. Алайда іс жүзінде олардың көпшілігінде жылдамдық өте төмен. Ал 106 ауылда интернет тіптен жоқ.

Петр Лежников, Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы:  
-Бұл салада мәселе көп. Мысалы көп ауылға талшықты-оптикалық байланыс жеткенімен, ол тек мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандарға өткізілген. Мобильді интернетке келсек, 4G деп тартылған желінің елді мекендерді ғаламтормен толық қамтуға қауқары жетпей жатады. Бұл жағдайда байланыс операторларына қосымша мұнара, антен қоюды талап етіп отырмыз.  

Өңірді сапалы ғаламтормен қамту жоспары бойынша биыл 8 ірі және 96 шағын елді мекенге интернет желісін тарту көзделген. Ал Ақсуат ауылындағы интернет желісінің жылдамдығын арттыру үшін аудан әкімдігі байланыс операторларына ресми хат жолдады.

Рауан Диәли                                                           


Хабарламаларға жазылу