Шығыс Қазақстанда екі адам пара беруге азғыру және алаяқтық жасауға оқталғандары үшін сотталды. Олар Риддер қаласында Олимпиадалық резервтік мектеп-интернатына арналған оқу корпусының құрылысына қатысы бар адамдарды пара беруге арандатты деп айыпталған. Дәл осы Риддердегі нысанның құрылысы үшін өткен жылы бюджет ақшасын жымқырды деп Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының екі орынбасары ұсталған болатын. Қазынашылық комитетінің лауазымды тұлғасы сыбайласымен бірге қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға көмектесеміз деп 40 миллион теңге сұраған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оларды пара алып жатқан жерінен ұстап, тергеу бастаған. Таяуда осы ісі бойынша сот үкімі шықты.
Жігер Байділдин, ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
Сот үкімімен Баймадиев 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындаумен және Басболатов 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындаумен, екеуі де мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен сотталды.
Берік Көшербай