Демалыс күндері Алматы облысының таулы аймақтарында боран болып, жолдар жабылды. Құтқарушылар қар құрсауында қалған жүзге жуық жолаушыны қауіпсіз жерге көшірді. Сәбит Әлдебайдың бейнематериалда.
Алматы облысындағы Сарыөзек-Көктал автожолының бойында көліктер омбы қарды омыраулап жүре алмай қалды. Кербұлақ ауданы маңында жолда қалғандарға қол ұшын созған құтқарушылар ең алдымен жүкті әйел мен балаларды Сарыөзек кентіне жеткізді. Жалпы 80-ге жуық адамға көмек көрсетілді.
Ал Жамбыл облысының Алматымен шектесетін таулы өткелдерінде 15 жеңіл автокөлік қардан шығарылды. Олардың ішінде 45 адам болған. Тоңып қалған жолаушылар жақын маңдағы жылыту пунктеріне жеткізілді. Қордай асуы маңындағы Кенен ауылы мен Қайнар ауылы арасына блок бекеттер қойылып, көлік қозғалысы тоқтатылды.
Ермек Момбаев, облыстық ТЖД басшысы:
Жүргізушілер көлікті тастап кетуден бас тартты, салонда отыра береміз деп. Жолдардың бәрі ашылды, ешқандай кедергі жоқ.
Қазір оңтүстік өңірлерде боран басылған. Күре жолдар толық тазаланып, қозғалыс қалпына келді.
Сәбит Әлдебай