Батыс Қазақстан облысында эпидахуалдың ушығуына байланысты екі ауданда карантиндік шектеулер күшейтілді. Эпидахуал нашарлаған бір елді мекенде блокбекеттер жұмыс істей бастады. Ал, Түркістан облысында карантиндік шектеу мерзімі ұзартылды. Атырау облысындағы Теңіз мұнай кен орнындағы жағдай мәз емес.
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі мен Бәйтерек аудандарында карантиндік шектеулер енгізілсе, Жәнібек ауданының Борсы ауылына блок-бекеттер қойылды. Бұған себеп індет жұқтырғандардың көбеюі. Мысалы Бөрлі ауданындағы «Бонатти» компаниясының бірден 47 жұмысшысы коронавирусқа шалдыққан. Жаппай вирус жұқтыру дерегі вахтадан шыққандарды тексеру кезінде анықталды.
Қарағанды облысының Теміртау қаласында коронавирустық инфекцияның таралуы тағы да қарқын ала бастаған. Өңірде бір тәулікте 42 адамнан қауіпті індет анықталса, соның 20-сы Теміртау тұрғындары. Қоғамдық орындарда карантиндік талапты бұзу жиілеген. Соңғы бір жарым айда 16 мың нысан тексеріліп, 200-ден астамының тәртіпті сақтамағаны анықталған. Осыған қарамастан жақын арада облыс мектептеріндегі асханалар қайта жұмыс істей бастайды. Еске сала кетсек, 3-ші тоқсанда өңірдегі мектеп оқушыларының 60 проценттен астамы дәстүрлі оқуға көшкен еді.
Атырау облысындағы Теңіз мұнай кен орнында бүгіннен бастап ахуал тұрақталғанға дейін карантиндік шектеу шаралары ұзартылды. Өйткені бүгін кеніштің тағы 58 жұмысшысынан вирус анықталды. Мұнда кіріп-шығатын автокөліктердің рұқсат құжаттары тексеріледі. Жұмысшылар кешкі сағат 10-нан таңғы 5- ке дейін жүрмеуі тиіс. Ал, карантиндік стационарлардағы ахуалды полицейлер мен мобильді топтар бақыламақ.
Руслан Нұрланұлы