Ақтөбе облысында оқушылар тұрғын үйде білім алып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында оқушылар тұрғын үйде білім алып жүр

14.01.2021

Қазба байлығы көп, бірақ мектебі жоқ ауыл. Ақтөбе облысы Алтынды ауылында 130-ға жуық оқушы аядай төрт бөлмелі ғимаратта білім алуға мәжбүр. Оның өзі бұрынғы жұмысшының үйі екен.  

Ауылдағы мектеп екі жыл бұрын апатты деп танылған. Сондықтан әкімдік осы үйді алуға мәжбүр болған. Алтын өндірумен айналысатын компания өздеріне тиесілі нысанды уақытша тегін пайдалануға берген. Ал, жергілікті билік жаңа мектеп салуға асығар емес.  

Әсет Дүйсембеков, мектеп директоры: 
-Әрине, қиын. Барлық ұстаздарға қиын. Толық білім беру, тәрбие беру мүмкіндігі жоқ болып отыр. Өзім жеке кабинетім басқа корпуста орналасқан. Мұғалімдер осындай жерде, тағы ана бөлмеде, тығыз-тығыз орналасып келе жатырмыз. 

Ауылда бес жүзден аса тұрғын бар. Оқушылар саны 127. Карантинге байланысты олардың көбі үйден оқиды. Қазір бастауыш сыныптағылар аядай бөлмелерде білім алып жүр. Мынау - кітапхананың сиқы. Ал, бір сыныпта пеш тұр.

Марат Қоразбеков, ауыл тұрғыны: 
-Мынау үй ғой, менің үйімнен де кішкентай. Осы жерде екі компания бар. Мынадан да басқа офистер бар, бос тұр, соның біреуін берсе болады ғой, мазақ қылғандай. 

Бұл мәселеге қатысты жергілікті биліктің жаттанды жауабы дайын. Айтуларынша, ауылға 60 орындық жаңа оқу ғимаратын салу жоспары бар.

Ғалым Қобыландин, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары:   
-Мектеп құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. Облыстық экономика басқармасына беріп қойдық құжаттарымызды. Республикадан, облыстан қолдау тапса, мектептің құрылысын биыл бастап кетеміз. 
Жақсыбек Кемал, тілші: 
-Қазба байлықтың үстінде отырса да ауылдықтар осылайша мектепке зәру. Оның үстіне елді мекенде интернет желісі де нашар. Сондықтан тұрғындар талап-тілегіміз жауапсыз қалмаса дейді.   

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу