Шығыс Қазақстанда сапасыз салынған үй тұрғындары прокуратураға шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда сапасыз салынған үй тұрғындары прокуратураға шағымданды

13.01.2021

Шығыс Қазақстанда сапасыз салынған үйдің тұрғындары прокуратураға шағымданды. Олар Өскемендегі жаңа 9 қабатты тұрғын үйдің мердігері мен нысанды қабылдап алған мемлекеттік комиссия мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде. Суық үйде дірдектеп берекесі қашқан кейбір отбасылар қыстың көзі қырауда басқа жерден баспана жалдап тұруға мәжбүр. 

Бұл 9 қабатты жаңа үй 3 жыл бұрын ғана тапсырылған. Біраз уақытқа дейін ипотека беретін банктегі қаржылық қиындықтарға байланысты 162 пәтердің тең жартысы бос тұрды. Ал жаңа баспанаға көшіп алғандардың қуанышынан гөрі өкініші басым. 

Берік Төлепбек, қала тұрғыны: 
-10,5 миллион теңгеге алдық, 15 жылға. Айына 70 мың теңге төлейміз банке, 20 процентін салып алдық. Бүгінде зардабын тартып жатырмыз, төбеден су ағады. Пәтер суық.  

Кейбір тұрғындар құрылыс кезінде кеткен кем-кетікті түзеп, жамап жасқау үшін 1,5 миллионнан 4 миллион теңгеге дейін қосымша ақша жұмсап, шығынға батқан. Таяуда қатты жел салдарынан үйдің қабырғасын қаптаған материал опырылып түсіп қалды. Амалы таусылған тұрғындар облыстық прокуратураға шағымданды.

Бақытбек Әміренов, қала тұрғыны: 
-Үйді салған құрылыс компаниясының жауапкершілігін шешу керек. Салық төлеушілердің ақшасына салынған ақшаны қалталарына басып кете берген болмайды. Одан кейін үйді қабылдап алған мемлекеттік комиссия мүшелерінің жауапкершілігін шешу керек.  

Үйді салған мердігер компания өзін банкрот жариялаған. Ал баспана құрылысына тапсырыс бергендер үйдің сапасыз салынғанын мойындап, кемшілікті қалпына келтіруді уәде етіп отыр.

Ренат Нысанбаев, Қазақстан ипотекалық компаниясының өкілі:   
-Шатырдан су ағып, ішіне кіріп кететін. Үйдің сыртқы қаптамасы бойынша да ақау бар. Жылу ұстайтын материалдар дұрыс салынбаған, тұрғындар суық деп шағымданады. Қаржы мәселесі шешіліп жатыр. Кемшіліктерді жоятын мердігерді тауып қойдық. 

Қазір суыққа шыдамаған кейбір отбасылар қайта туыстарын жағалап я пәтер жалдап жүр. Жалпы, Өскеменде жаңадан салынған тұрғын үйлердің көбі сапасыз болғандықтан, ескі үйлердегі пәтердің құны шарықтап кеткен. Өйткені, олар ескі болса да жылы.

Берік Көшербай                                                           


Хабарламаларға жазылу