Қалың қардың кесірінен такси құны аспандап кетті. Алматыда бір күн ішінде қалааралық баға 20 пайызға көтерілген, кей бағыттың жол жүру ақысына кем дегенде 500 теңге қосылып отыр. Жүргізушілер мұны ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады. «Күннің күрт суытуынан біз де шығындалып әрі тәуекелге барамыз, себебі, жолдың бәрі көктайғақ. Көліктердің жүруі қиындады»,- дейді такси жүргізушілері.
Берік Тасқынов, жүргізуші:-Мынандай күн суықта көтеріледі. Өйткені кептеліс көп. Күндіз кешке дейін көлік өшпейді. Бұрын 2500 болса қазір 3000 теңгеге дейін көтерілді.
Талап Орынбасаров, жүргізуші:-Енді қазір қар жауып, жолдың бәрі тайғақ. Қаланың сыртында жай жүретін болғандықтан, бензин көп жанады. Машинаны жылыту керек. Клиенттер мұздап қалмауы керек.
Боранға байланысты Қарағанды мен Теміртау арасында жүретін таксилер де бағаны шарықтатқан. Әдетте кісі басына 250 теңгеден алса, кеше жол құны 1500-2000 теңге бір-ақ көтерілген. Жүргізушілер ақтүтек боранда жолды бағдарлау қиындап кеткендіктен, тәуекел үшін бағаны өсіргенін алға тартады. Осылайша жұмыстан шыққан жұрт ұзақ уақыт үйлеріне қайта алмай әуреге түскен. Ал кешкісін өңірде жолдар жабылып, көліктер үшін қозғалыс тоқтады.
Қуан Нұрақын