Жамбыл облысында таудан аққан қызыл су Майтөбе ауылын шайып кете жаздады. Қаратау бөктеріне жауған жылы жаңбыр мен еріген қар суы өткізгіш арналарға сыймай, жолды басқан. Абырой болғанда, мал-жан аман. Мамандар ауылдың іргесіне дейін кірген селді басқа арналарға бұрып үлгерді. Өңірдегі тілшіміз Сәбит Әлдебай мән-жайды баяндайды.
Күн райының күрт жылынуынан еріген қар суы өткізгіш арналарға сыймай күре жолдан асыа кетті. Түнгі сағат 22:00 шамасында тасқын су Майтөбе ауылындағы екі көшеге жеткен. Қарабастау автокөлік жолының 75 шақырымына төрт арнайы техника мен 40 адам жұмылдырылды. Әкімдік пен құтқару қызметінен бөлек полиция қызметкерлері мен Майтөбе ауылының тұрғындары да қызыл суды тоқтату үшін түнімен арпалысты.
Омар Танкеев, ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы:
Елді мекендерге тасқын судан қауіп жоқ.
Селдің бағытын басқа арнаға бұру оңайға соқпады. Жердің тоңы әлі қатып жатқандықтан, арналарды тіптен ашу қиынға түсті. Жанталасқан құтқарушылар түнгі үштер шамасында қызыл судың қаупін сейілтті.
Ербол Ысмаилов, Берікқара ауылдық округінің әкімі:
Үш үйдің қора-қопсысына су кірген. Ол жерде 20-25 см, аудандық ТҮКШ бөлімінен арнайы су сорғыш машинасын сұраттық.
Таудан аққан сел арнайы дренаж арқылы жақын маңдағы Билікөлге құйылған. Мамандар тау бөктеріндегі ауылға бұрын соңды мұндай қатер төнген емес дейді. Қазір күре жол ашылып, көлік қозғалысы қайта қалпына келді.
Cәбит Әлдебай