Қостанай облысында жергілікті салықтан түскен қаржы ауылды көркейтуге жұмсалуда
Президент Жолдауында айтылған жергілікті басқаруды дамыту ауылдардың еңсесін тіктеп, көркеюіне жол ашып отыр. Мысалы былтыр Қостанай облысындағы Жамбыл елді мекенінде үш көшеге жарық тартылып, жолдарға асфальт төселген. Абаттандыруға байланысты басқа да бірқатар жұмыстар жүргізілді. Мұның бәрі ауылдағы қоғамдастық пен әкімдіктің жергілікті салықтан түскен қаржыны бірлесіп игеруінің арқасында жүзеге асып отыр.
Жамбыл ауылының орталығындағы балалар алаңы үшінші сыныпта оқитын Ералының сүйікті орны. Бүгін де бет қарыған аязға қарамастан досымен екеуі осында келіп әткеншек теуіп, ойынның қызығына батып жүр. Ойын алаңының қасынан ересектерге арналған саябақ та ашылған. Мұның бәрі жоғарыдағылардың нұсқауынсыз, жергілікті салықтан түскен қаржыға тұрғындардың ұсынысымен салынған нысандар.
Игілік Асылбеков, Жамбыл ауылының тұрғыны:-Мен өзім қоғамдастық мүшесімін. Бюджеттің ақшасын бөлу үшін жиі жиналамыз. Бәрі осы ауылдың игілігіне істеліп жатқан нәрсе. Міне жарық өткіздік, балалар алаңы салынды, жолдар дұрысталды.
Евдокия Ли, Жамбыл ауылының тұрғыны:-Ауылда тазалыққа жақсы көңіл бөліне бастады. Көшелер қоқыстан тазарды. Түнде жарық. Үйіміз газбен жылиды, су ішке кіріп тұр. Жыл өткен сайын ауылымыз көркейіп келеді.
Жамбыл ауылдық округіне 3 елді мекен кіреді. Халқының саны 4 мыңнан асады. Ал 2018-ші жылғы жаңа заңнама сәйкес тұрғындары 2 мыңнан асатын елді мекендерде салықтың алты түрі жергілікті бюджетке түседі.
Қанат Сәттібаев, Жамбыл ауылдық округінің әкімі:-Бұл бізге не берді? Біріншіден жергілікті басқаруды дамытты. Біз өзімізге қажетті нәрсені жүзеге асыру үшін өз бетімізше шешім қабылдай алатын болдық. Президенттің соңғы Жолдауында айтылғандай бұған шағын және орта бизнестің салығы қосылса, біздің де мүмкіндігіміз кеңейе түседі.
Былтыр Жамбыл окургінің жергілікті жерден жинаған салығы 7 млн теңгеден асты. Бұл қаржы негізінен ауылды абаттандыруға жұмсалды. Бірақ барлық мәселені шешу үшін ауыл бюджеті әлі де мардымсыз. Сондықтан жергілікті басқару тетігі жиналған қаржыны қайда жұмсауды шешумен шектелмей, табыс көзін іздестіру бағытында да жұмыс істеуі тиіс.
Дәуренбек Әбдібек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы