Ақтөбеде өрт оқиғалары жиілеп кетті. Жыл басындағы алғашқы 5 күннің өзінде осындай 10 дерек тіркелген. Мамандар тілсіз жаудың шығуына көбіне-көп газ баллондарын дұрыс пайдаланбау және қауіпсіздік талаптарын сақтамау себеп, дейді. Өкініштісі, кеше кешкілік қала орталығында болған өрттен 36 жастағы ер адам қаза тапты.
Жақсыбек Кемал, тілші:-Қызыл жалын 100 шаршы метрге жайылған. Өрт сөндірушілер әупірімдеп жүріп жапсарлас орналасқан мына үйлерді аман алып қалған. Базарға жақын орналасқан бұл баспаналарда негізінен пәтер жалдаушылар тұрады.
Мамандар қызыл жалынмен бір сағаттай күрескен. Өрт шыққан үйде бес адам тұрған. Жеке құрамнан 21 адам мен 4 техника жұмылдырылды.
Құтқарушылар қауіптің алдын алу үшін көрші үйлерден 7 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Абырой болғанда мамандар өрттің көрші үйлерге таралуына жол бермеді. Өкінішке орай, оқиға орнынан ер адамның мәйіті табылды. Одан бөлек 48 жастағы әйел мен 62 жастағы ер адам газдан уланып, ауруханаға жеткізілді. Өрттің шығу себептері анықталуда.
Айбат Жаңабергенов, қалалық ТЖБ басшысы:-Қаламызда жыл басынан бері 10 оқиғасы тіркелді. Оның ішінде сегізі осы тұрғын үйлерде болып отыр. Көбінесе, өрттердің себебі – электр монтаждау құрылғыларын жою және отты абайсызда қолдану болып отыр.
Бұған дейін Қобда ауылында газ баллоны жарылып, екі адам күйікпен ауруханаға түскен еді. Сол себепті мамандар өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Жақсыбек Кемал