Басты Жаңалықтар 2020 жыл: Әлеуметтік салада қандай жұмыстар атқарылды?

2020 жыл: Әлеуметтік салада қандай жұмыстар атқарылды?

Пандемияның зардабы әсіресе әлеуметтік саланың әлеуетін көрсетті. Жұқпалы індет салдарынан шектеу күшейіп, көп сала жұмысын тоқтатты. Бұл шамамен 4 миллиондай адамның табысына кері әсер етті. Дегенмен, халық қолдаусыз қалған жоқ. Мемлекет осы сынақты еңсеру үшін қандай шаралар атқарды? Тілшіміз шолып шықты. 

Пандемия алдымен, әлеуметтік салаға ауыр тиді. Кәсіпкерлік нысандар жаппай жабылып, көпшілік нәпақасынан айырылды. Осы тұста басты мәселе – халықты жұмыспен қамту болды. Көктемде Мемлекет басшысының тапсырмасымен дағдарысқа қарсы «Жұ¬мыс¬пен қамтудың жол картасы» әзірленіп, оған 1 триллион теңге бөлін¬ді. Ал, карантин салдарынан мүлде табыссыз қалғандарға 42500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалды. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 
-Карантин кезінде табысынан жоғалтқанына байланысты ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер 4 миллион 600 мың адамға 476 миллиард теңге көлемінде төленді. Ағымдағы жылы жұмыспен қамтудың жол картасы, еңбек және басқа мемлекеттік бағдарламаларды қоса алғанда барлығы жұмыспен қамту шараларымен 1 миллион 390 мың адам қамтылды. Оның ішінде 730 мыңы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. 

Осылайша, жұмыссыздық деңгейі биыл 5 пайыздан аспаған. Ал, карантин кезінде көпбалалы отбасыларды қолдаудың жаңа тәсілі енгізілді. Қазір 413 мың жанұя кірісіне қарамастан бала санына байланысты жәрдемақы алады. Сондай-ақ, аз қамтылған 430 мың отбасының балаларына арналған кепілдендірілген пакет ұсынылды. 1 миллионнан астам адамға көмек ретінде азық-түлік және тұрмыстық заттар берілді. Зейнетақы да бір жылда екі рет көтерілді. Қаңтарда базалық зейнетақы 5 пайызға өссе, 1-сәуірде тағы 10 пайыз қосылған.

Зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін баспана алу мен емделу үшін пайдалануға да рұқсат берілді. Баспана демекші, биыл елдегі тұрғын үй құрылысы да жоспардан асып түскен. Әу баста 130 мың пәтер салу көзделсе, қазір 150 мыңға жектен.

Әзімбек Нәлібаев, ҚР ИИДМ құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің басқарма басшысы: 
-«Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 5 мыңға жуық жеңілдетілген займдар тапсырылған болатын. Және де Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап іске қосылған «Шаңырақ» бағдарламасы аясында қазіргі күнге 3 мыңнан астам займдар берілді. Және де арендалық және кредиттік тұрғын үй құрылыстары жалғасын табатын болады. Ол дегеніміз 10 мыңнан астам пәтерлер осы әкімдікте ресми кезекте тұрған баспанаға мұқтаж жандарға берілетін болады. 

Бүгінде елімізде зейнетақы мен жәрдемақыны қосқанда әлеуметтік төлемдердің 39 түрі бар. Биылғы жағдайға байланысты қашықтан білім беруге көшкен білім саласы да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, ұстаздардың жалақысы - 25 пайызға өсті. Ал, осы бағытта оқып жатқан студенттер стипендиясы екі есе артқан.

Амангелді Сейітхан  


Бөлісу