Тверь вагон жасау зауыты Қазақстанға биыл 50 вагон жиынтығын жеткізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тверь вагон жасау зауыты Қазақстанға биыл 50 вагон жиынтығын жеткізеді

29.12.2020

Қазақстан темір жолдарына Ресейдің соңғы үлгідегі вагон жиынтықтарын жеткізу жалғасып келеді. Қазірдің өзінде олардың алғашқы легі пайдалануға берілген. Ал жаңа вагон жиынтықтарының жолаушылар талабына қаншалықты сай? 

Қазақстанның ұлттық тасымалдаушысы алдағы бірнеше жылда жолаушылар вагондары паркінің үштен екі бөлігін жаңартады. Ескілерін жөндеп, жаңаларын сатып алуды бастаған. Вагондарды Ресейлік технология бойынша отандық «Тұлпар» зауыты жинап, жеткізіп отыр.

Берік Дәрібаев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Северный» өңірлік филиалы пойызының басшысы:
Тверь вагон жасау зауытының технологиясы бойынша жиналған вагондар Қазақстан темір жолдарына ыңғайлы. Біріншіден, климаттық жағдайға сәйкес. Өйткені Қазақстан мен Ресейдің климаты ұқсас. Екіншіден, вагондар жолаушылар талабына сай. Мәселен, пандемия кезінде маңызды болған бір жайт - вагондар ауаны зарарсыздандыру жүйесімен жабдықталған. Олар ультракүлгін шамдар негізінде жұмыс істеп, бактериялар мен вирустарды жояды.

Вагондар кондиционерлер және экологиялық дәретханалармен жабдықталған. Мұнда Wi-Fi мен USB-розеткалар бар. Жыл мезгіліне қарамастан, салон ішіндегі температура жайлы болып тұрады. Өртке қарсы орталықтандырылған жүйенің тетіктері және өрт сөндіру құрылғылары орнатылған. Ал, қоғамдық тәртіпті сақтауға бейнекамералар көмектеседі.

Арыстанбек Бейсенбаев, жолсерік:
Бізде жолсерікке ыңғайлы қылып жасаған сенсорный экраны бар. Бәрі мына жерде бақыланып тұрады. 

Биыл Қазақстан ресейлік «Трансмашхолдинг» машина жасау компаниясынан осындай 100 вагон жиынтығы сатып алған. Соның соңғы елуі жақын арада жеткізілуі тиіс. Вагондар 40 жылға дейін жарамды. Ал, олардың жайлылығы мен қауіпсіздігі ТМД елдерінде өз бағасын алып үлгерген.

Амангелді Сейітхан


темір жол Ресей вагондары

Хабарламаларға жазылу