Жарма ауданында салынған күн электр станциясы ауданды энергиямен қамтып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарма ауданында салынған күн электр станциясы ауданды энергиямен қамтып отыр

25.12.2020

Шығыс Қазақстандағы Жарма ауданында салынған күн электр станциясы ауданды энергиямен қамтып отыр. Баламалы энергия көзінің қуаттылығы 30 мегаватт. Аудандағы күн радиациясы ең көп түсетін Жаңғызтөбе жеріне салынған нысан электр қуатын көп шығынсыз өндіруге мүмкіндік туғызды.      

Ержан Жақып, тілші: 
-Мынандай панельдер қазір 66 мың гектар алқапты алып жатыр. Күніне 180 мегаватт күн энергиясын бойына жинайды. Бұл дегеніміз-шағын бір қаланы немесе бір ауданды электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы. 

Күн станциясын басқару адам күшін көп қажет етпейді. Қазір онда тек жергілікті мамандар жұмыс істеуде. Солардың бірі - Азамат Сләмғалиев. Энергетика саласы бойынша еңбек етіп жүрген жас кадрлардың бірі.

Азамат Сләмғалиев, бас электрик: 
-Маған жаңартылған энергия өндіретін заманауи нысанда жұмыс істеген ұнайды. Біздің елімізде баламалы энергия өндірісі енді дамып келе жатыр. Сондықтан, мен осы салада еңбек етіп, оның әрі қарай дамуына үлес қосып жатқандығымды мақтан етемін.  

Жоба құны 11 млрд теңге. Жаңғызтөбе электр станциясының құрлысы 2018 жылы басталып, бір жарым жылдан кейін қолданысқа берілді. Қазір толыққанды істеп, электр энергиясын қалыпты өндіріп тұр. Мамандар бірегей нысанның құрлысына кеткен шығын 4 жылда ақталады-деп отыр.

Күн станцияны салу үшін Жарма ауданындағы Жаңғызтөбе жері бекер таңдалмады. Мамандардың зерттеулері бойынша бұл аумаққа түсетін күн нұрының қуаттылығы өте жоғары. Оған қоса желі қысы жазы тоқтамай соғатын табиғи ерекшелігі бар. Сондықтан, бұл аумақта жақында жел станциясының да құрылысы басталды.

Ержан Жақып 


Хабарламаларға жазылу