Жанна Пірәлиева: Жаңа жылды үйде тойлауды талап етеміз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жанна Пірәлиева: Жаңа жылды үйде тойлауды талап етеміз

25.12.2020

Наурыз айынан бері Елордада 356 тұрғын ковидтен қаза тапты. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева мәлімдеді. Қазір бас шаһар «сары» аймақта тұр. Соған қарамастан мереке қарсаңында ұзынсонар кезектер болдырмай, жұрт топтаспауы үшін дүкендер мен мейрамхана - кафелердің жұмыс кестесі өзгерді.  

Нұр-Сұлтанда кинотеатрларға санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат етілді. Тек орындар саны 30%-дан аспай, көрермендер екі орын сайын шахмат тәртібімен отыру талабы қойылып отыр. Кинотеатрлар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Егер карантин және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады.

Жанна Пірәлиева, Елорданың бас санитарлық дәрігері: 
-Жаңа жылды үйде тойлауды талап етеміз. Корпоративтер рұқсат етілмейді. Қонақтарды шақырмау және үйден ресторан кафелерге бармауды талап етеміз. 

Мобильді топтар күшейтілген режимде санитарлық нормалардың сақталуын бақылайтын рейдтер жүргізуді жалғастыратын болады. Жалпы, елордада соңғы екі аптада карантиндік іс-шараларды бұзған 252 кәсіпкерлік нысанға ескерту жасалды. Тексеріс нәтижесінде 180 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шолпан Қадырова, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы: 
-Әдеттегі режимде оқыту 15 адамнан аспайтын кіші топтарда жүргізіледі, аудиторияның толу деңгейі 50%-дан аспайды. Тұрақты түрде физика, химия, математика бойынша практикалық және зертханалық сабақтар өткізіледі. Қашықтан оқыту режимінде - тарих, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, өзін-өзі тану, мәдениеттану, әлеуметтану және т.б. пәндерінен дәрістер оқылады. 

Ал ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері үшін жұмыс күндері қызмет ету режимі сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін, сенбі және мереке күндері сағат 20:00-ге дейін белгіленді. Яғни, жексенбі күні олардың жұмысына тыйым салынып отыр.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу