26 желтоқсаннан бастап Нұр-Сұлтанда кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Бұл туралы шаһардың бас санитар дәрігерінің қаулысында айтылған.
«Орындар санын 30%-дан асырмай, көрермендерді екі орын сайын және қатар бойынша шахмат тәртібімен отырғызу арқылы, күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып кинотеатрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Кинотеатрлар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді, акциялар өткізілмейді. Егер карантин және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады», - деді Жанна Пралиева.
Сонымен қатар мереке қарсаңында мейрамханалардың, кафелердің, барлардың, асханалардың жұмыс уақыты үлкен кезектер туындауына жол бермеу мақсатында 24 сағатқа дейін ұзартылады. Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шаралардың сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек.
25 желтоқсаннан бастап елордадағы гипермаркеттер мен супермаркеттер тәулік бойы ашық болады.
«Мереке қарсаңында дүкендерде келуші саны көбейгені байқалып отыр. Үлкен кезектердің пайда болуына жол бермеу үшін қаулыда жаңа жұмыс кестесі белгіленді», - деді бас санитар дәрігер.
Айтуынша, аумағы 2 мың шаршы метрден асатын супермаркеттер мен гипермаркеттердің жұмыс уақыты шектелмейді. Келушілер саны 30%-дан аспауы керек.