Жаңа жылға орай елордада қала тұрғындары бірігіп, алты метрлік эко-шырша тоқитын болды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында айтылған.
Ерекше шыршаның «бөлшектерін» жасауға барлық қала тұрғындары қатыса алады. Күн сайын 19-25 желтоқсан күндері сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін «Бәйтерек» монументінің ішінде барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, тоқыма үйрететін курстар өтеді.
Тоқыма жіптен жасалған жаңа өнер туындысының биіктігі - алты метр. Тоқыма әшекейлерді жасауға мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, қарттар үйінің зейнеткерлері, балалар үйлері, қоғамдық қорлар қатысады. Шыршаны безендіруге арналған заттар да 20/20 сантиметр түрлі-түсті тоқылған квадраттардан жасалған.
«Карантин қол қусырып отыруға себеп емес. Үйде отырып, шығармашылықпен айналыса аласыз, өмір бойы армандаған нәрсені үйрене аласыз. Тоқылған жылы шырша адамдарды біріктіреді – жаңа жылдық атмосфера орнатып, 2021 жылды жұмыла қарсы алуға мүмкіндік береді», - дейді бастаманы ұйымдастырушысы, әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышева.
Аталмыш шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Путь мастерства» қоғамдық қоры және «Берген» әлеуметтік шеберханасы ұйымдастырып отыр.