Елордада 16-18 желтоқсан аралығында сауда орталықтары мен сауда үйлері, базарлар түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Мереке күндері аталмыш орындардың жұмысы уақыты мәселесі қалалық жедел штабта қаралды.
19 желтоқсан жұмыс уақыты - 20:00-ге дейін болса, 20 желтоқсан - ірі сауда орталықтарындағы бутиктер жұмысы тоқтатылады. Себебі, дезинфекция жасалады. Ал, ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында орналасқан дәріханалар, гипермаркеттер, азық-түлік дүкендері клиенттерге жексенбіде қызмет көрсете береді.
Сондай-ақ, осы нысандарда және олардың аумағында орналасқан аттракциондарды, балалар ойын алаңдарын, ойын орталықтарын, кинотеатрларды, тамақтану алаңдарын пайдалануға қатаң тыйым салынады. Ал, бас қаладағы қоғамдық көліктер 16-20 желтоқсан аралығында 23:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
«Нұр-Сұлтан «қызыл аймақта», бірақ оның шарықтау шегінде емес. Соңғы күндері динамика тұрақталып, жақсарып келеді. Қала «сары» және «қызыл» аймақтардың арасында. Бұрынғы (қаулы бойынша) жұмыс кестесі өзгеріссіз қалады. Біз елорда тұрғындары мен қонақтарын демалыс кезінде дүрлігіс тудырмауға шақырамыз. Жағдайды одан әрі тұрақтандыру үшін біз азаматтардан қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды, аса қажеттіліксіз үйден шықпауды сұраймыз», - деді қаланың санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.