«Ас беру» мен «Зиярат» етуге қатысты жаңа құжат қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ас беру» мен «Зиярат» етуге қатысты жаңа құжат қабылданды

10.12.2020

Елімізде «Ас беру» мен «Зират салу және зиярат ету мәдениеті» туралы жаңа құжат қабылданды. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы осы рәсімдерді өткізуге қатысты ортақ тәртіпті бекітті.  

Ас берудегі аста-төк ысырапты тыю көптен айтылып жүрген. Діни басқарма бүгін арнайы құжат қабылдады. Онда жеті қағида бекітілген. Негізгілері дастархан мәзірін азайтуға бағытталған. Екіншіден, құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Сондай-ақ, кәде-сыйлар тарату да шариғат талабында жоқ. Асты өткізу жұма намазымен тұспа-тұс келмеуі тиіс және төтенше жағдай кезінде ас беруді кейінге қалдырған жөн. 

Өмірзақ Бекқожа, Қарағанды облысының бас имамы:  
-Бүгінгі таңға дейін барлық өңірлердегі ас беру мәдениеті бір жүйеде емес еді. Және де әр жерде әр түрлі болғандықтан көптеген сұрақтарды туындап жататын. Яғни, бір талас-тартысқа шейін баратын сондай жағдайлар болып тұратын. 

Тағы бір даулы мәселе зират салу және зиярат ету. Қазір жер-жердегі жерлеу рәсімі мен қабір қазуда да қайшылықтар көп. Ал, имамдар бүгін ортақ талап бекітті. Мәселен, құлпытастың биіктігі 1 метр, ені 50 сантиметрден аспауы тиіс. Оған марқұмның суретін салмаған жөн және құран аяттары мен сүрелерді жазбау қажет.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: 
- Адам жерлеу орындарында әртүрлі үлкен күлкен зәулім сарайлар соғып жатқандар бар. Соларды бір қалыпқа келтіру үшін, артық ысырапшылдыққа бармау үшін, біркелкі бір үлгіде болу үшін біз соны сол құжатта көрсетіп жатырмыз. 

Бұл пәтуәнің заңдық күші жоқ. Тек діни басқарма өкілдерінің насихатымен жүзеге аспақ. Осы мақсатта бүгін имамдар форум өткізіп, оның тетіктерін талқылады. Жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев хат жолдап, құрылғанына 30 жыл толған діни басқарманы мерейтойымен құттықтады. Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн үндеу жасап, мешіттерді имандылық пен адамгершілік туралы уағыздар айтуға шақырды. Азаматтар жат ағымның жетегінде кетпеу үшін білім мен ғылымды насихаттауды тапсырды.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу